Халық күткен шешімдер

Халықпен ашық әрі сындарлы диалог – жергілікті билік жұмысының басты қағидаларының бірі. Осы бағыттағы кезекті кездесу Құлсары қаласындағы «Барлау-бұрғылау ардагерлері» саябағында өтті. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов тұрғындармен жүздесіп, қаладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Ашық форматта ұйымдастырылған жиында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Әрбір көтерілген мәселе мұқият тыңдалып, олардың шешу жолдары мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.

 Кездесуге қала әкімі Қадыржан Адинов, әкімдікке қарасты бөлімдердің басшылары мен жауапты сала мамандары қатысып, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап берді. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Бүгінде қала жыл өткен сайын жаңарып, келбеті көркейіп келеді. Дегенмен тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына әсер ететін өзекті мәселелер әлі де бар. Бұл жолғы кездесуде де қала халқы негізінен көше жарығының жеткіліксіздігі, жолдардың жай-күйі, балалар ойын алаңдарының тапшылығы мен қоғамдық көлік аялдамаларының жағдайына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында аудан әкімі алдымен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, атқарылған жұмыстарды саралады. Сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асырылатын маңызды жобалар мен жоспарларды таныстырды.

– 2022–2025 жылдар аралығында Құлсары қаласының тұрғындарымен он рет кездесу өткіздік. Сол кездесулерде тұрғындар тарапынан жалпы саны 349 мәселе көтерілді. Әрбір ұсыныс пен өтініш жіті назарға алынып, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда Әбдірахманов көшесіндегі №34 көпқабатты тұрғын үйге техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары қарқын алды. Көптен күткен кәріз тазарту станциясының құрылысын алдағы айда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Атырау ықшамауданындағы автомобиль жолдарын тротуарларымен бірге салу жұмыстары биыл толық аяқталады. Сондай-ақ жоспарға енгізілген барлық көшелерге асфальт төселіп, заманауи көше жарықтандыру жүйелері орнатылады, – деді аудан әкімі.

Аудан әкімінің айтуынша, жеке қабылдауға келген тұрғындардың арасында «біздің көшеге асфальт төселмеді» деген өтініштер жиі айтылады. Бұл мәселенің өзіндік себептері бар. Кейбір көшелерде жол құрылысына тұрғындардың өздері кедергі келтіріп отыр. Атап айтқанда, асфальт төсеу үшін жол бойындағы салынған қоршаулар мен шаруашылық нысандарын алып тастау қажет. Алайда мұндай талапқа барлық тұрғын бірдей келісе бермейді. Сондықтан аудан басшысы бұл мәселелерді халықпен бірлесе талқылап, ортақ келісімге келудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар бүгінде қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ішкі жолдарды жаңарту және балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Кейбір нысандардағы құрылыс жұмыстары жоспарланған мерзімде аяқталмай жатқанымен, мердігер мекемелер оларды толық аяқтайды деп күтілуде. Көше жарығын орнату жұмыстары қазіргі таңда екі бағытта жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – қала әкімдігінің тікелей тапсырысымен атқарылса, екіншісі Атырау облысы әкімдігі мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылуда.

Бұдан бөлек, Қ. Сыдиықов көшесіндегі аллея құрылысы биыл толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Құлсары қаласындағы теміржол өткелі мәселесі де айтылды. Қазіргі таңда Ембі, Қаратон және Қосшағыл бағыттарына қатынайтын жалғыз теміржол өткелі болғандықтан, тұрғындар бұл аумаққа көпір салу жөнінде ұсыныстарын білдірген. Аудан әкімінің мәліметінше, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткен. Ендігі кезекте жобаны жүзеге асыру бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен қолға алынатын болады. Сондай-ақ Махамбет даңғылы бойындағы 1-ықшамауданда орналасқан жаңа арбаттың құрылысы толық аяқталған.

Сонымен қатар Құлсары қаласында Жастар саябағының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Аудан әкімінің айтуынша, бұл нысан да биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мектептердің айналасында салынып жатқан спорт және ойын алаңдарының құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл жұмыстар балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада демалуына және спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Бүгінде қоршауы жоқ бес зират анықталған. Аудан басшысы алдағы уақытта олардың барлығы кезең-кезеңімен қоршалатынын жеткізді. Сондай-ақ алдағы жылдары жүзеге асырылатын маңызды жобалардың бірі – қала ішіндегі кәріз жүйесін дамыту. Осы бағытта бірқатар ықшам аудандарға кәріз құбырларын тарту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.

Кездесу барысында тұрғындар қаладағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Олардың бірі көшелердегі жарық шамдардың жиі жанып-сөнетінін айтып, ескірген шамдарды ауыстыруды сұраса, енді бірі "Жанқожа батыр" көшесінің жолын жөндеуді өтінді. Жиынға қатысқан Барлаушылар ықшам ауданының тұрғыны Ерекен Аманжанұлы бұған дейін берген ұсыныстарының әлі күнге дейін орындалмағанына назар аударды. Оның айтуынша, ықшам аудандағы бірнеше аялдама толық салынбаған. 

– Балабақша мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекеменің маңында аялдама жоқ. Бір бағытта аялдама бар да, кері бағытта жоқ. Бұл тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Сондай-ақ тұрғын №3 кітапхана маңындағы газ желісін қауіпсіз жерге көшіру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, айналма жол бойына орнатылған жарық бағандарының сапасына да күмән бар. Себебі тіректердің төменгі бөлігі топырақ астында қалып, уақыт өте келе жарамсыз күйге түседі - дейді тұрғын Ерекен Аманжанұлы.

Сонымен қатар ол «Әсем» балабақшасының жанындағы ойын алаңының құрылысы толық аяқталмағанын, отырғызылған ағаштардың басым бөлігі қурап қалғанын жеткізді. №1 жалпы орта білім беретін мектеп маңындағы саябақ пен ойын алаңының құрылысы да әлі күнге дейін толықтай бітпеген. Кейбір мердігер мекемелер жұмыстарын толық аяқсыз қалдыратын көрінеді. Бұдан бөлек, қоқыс мәселесі де тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдануы қажет, – деді Барлаушылар ықшам ауданының тұрғындары. 

Өз кезегінде аудан әкімі тұрғын көтерген мәселелерге қатысты түсініктеме беріп, электр желілерін жаңарту жұмыстарының нәтижелі болуы тұрғындардың да белсенділігіне байланысты екенін айтты. 

– Тұрғындар электр желісіне қатысты мәселе көтереді. Алайда жаңадан тартылған желіге қосылуға асығар емес. 2023–2025 жылдары Құлсары қаласының бірнеше ықшам ауданында жалпы ұзындығы 51,4 шақырымды құрайтын жаңа электр желілері тартылды. Мемлекет бұл жұмыстарға қомақты қаржы бөлді. Соған қарамастан, бір жылдан астам уақыт өтсе де, кейбір тұрғындар ескі желіден ажырамай отыр. Жел соғып, жаңбыр жауған кезде электр қуатының жиі үзілуі де осыған байланысты. Барлық тұрғын жаңа желіге қосылуы қажет. Сондықтан алдағы уақытта нақты мерзім белгілеп, ескі электр желілерін толық ажыратып, тұрғындарды жаңа желіге көшіреміз. Бұл жөнінде ресми түрде ескертіп отырмыз. Белгіленген мерзімде қосылмаған азаматтар кейін реніш білдірмейді деп сенемін. Жаңа тартылған желілер пайдаланылмай бос тұрса, кабельдердің ұрлану қаупі артады. Мұндай жағдайда жауапкершілік тағы да жергілікті атқарушы органға жүктеледі. Сондықтан бұл іске тұрғындардың да түсіністікпен қарап, белсенділік танытуы маңызды, – деді аудан басшысы. 

Сондай -ақ аудан басшысы қоқыс мәселесіне де арнайы тоқталып, тазалықты сақтау әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін де айтты. Ол тазалық – тек коммуналдық мекемелердің ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Қоршаған ортаның таза болуы әр адамның өзінен басталады. Егер көшеде кетіп бара жатып қолымыздағы қоқысты кез келген жерге тастайтын болсақ, тазалық мекемелері қанша жерден еңбек етсе де, оның нәтижесі көрінбейді.

Қазір елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр. Осыған байланысты тұрғындарды әлеуметтік желі арқылы сенбілікке қатысуға шақырдым. Өкінішке қарай, бұл бастамаға тұрғындар белсенділік танытпады. Сенбіліктерге негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысып, шамамен 500 адам ғана еңбек етеді. Сондықтан ол барлық тұрғынды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, ортақ іске бір кісідей атсалысуға шақырды.

Кездесу барысында тұрғындар балалар ойын алаңдарының тапшылығы мәселесін де көтерді. Бірінші ауылдың тұрғыны Мұрат Өскенбаев өз көшесінде балаларға арналған ойын алаңы жоқ екенін айтып, бұл мәселені бірнеше рет көтергеніне қарамастан, әлі күнге дейін оң шешімін таппағанын жеткізді. 

Ал 6-ауылдың тұрғыны Тынышбек Тұрлыбаев қолданыстағы ойын алаңының тұрғындардан тым алыс орналасқанын айтып, балалардың оған қатынауы қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, су тасқынынан кейін бос қалған үйлер бұзылып, орнына балалар ойын алаңы салынса, бұл тұрғындар үшін тиімді шешім болар еді деген ұсынысын жеткізді. 

Кездесу барысында «Кең Жылыой» ықшам ауданының тұрғыны Гүлнұр Ахметова да өз мәселесін көтерді. Оның айтуынша, автокөлік тіркемесіне байланысты әкімшілік айыппұл салынған. Алайда тұрғын қазіргі әлеуметтік жағдайына байланысты айыппұлды төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді. 

– Мен көпбалалы анамын. Қазіргі таңда жұмысым жоқ. Үйімізде зейнеткер адам бар, ал жолдасым жақында ғана жұмысқа орналасты. Осы уақытқа дейін үш мәрте ескерту берілді. Үйдің алдындағы прицепті жалғыз өзім алып тастай алмаймын. Соған қарамастан, ауламызды таза ұстап отырмыз, – деп өз уәжін жеткізді. 

Жиын соңында аудан әкімі көтерілген барлық мәселелерге байланысты тұрғындар тарапынан айтқан жерлерді барып, өз көзімен көрді. Айтылған ұсыныс-пікірлер мен арыз-шағымдар назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, әр мәселе жеке қаралатынын айтып өтті. 

Сондай-ақ аудан басшысы көтерілген проблемалар бойынша алдағы уақытта нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Бұл ретте жауапты сала мамандарына әрбір мәселені жан-жақты зерделеп, сапалы әрі уақытылы шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. 

А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT