Көгілдір отын көпке жетеді

Ауданымыздағы табиғи монополия субъектісі болып табылатын «Жылыойгаз» ЖШС 2025 жылды қорытындылап, тұтынушылар мен өзге де мүдделі тараптар алдында есеп берді. Есеп беру барысында мекеменің бекітілген тарифтік сметасының орындалуы, инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуы, қызметтердің сапасы мен сенімділік көрсеткіштері, сондай-ақ тиімділік деңгейіне қол жеткізу мәселелері жан-жақты қаралды.

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті директорының 2009 жылғы 19 наурыздағы №65-ЖҚ бұйрығына сәйкес «Жылыойгаз» ЖШС тауарлық газды таратушы газ құбырлары арқылы тасымалдау қызметі бойынша табиғи монополия субъектілерінің мемлекеттік тізімінің жергілікті бөліміне енгізіліп, өз жұмысын 2009 жылдың 1 мамырынан бастап жүргізіп келеді. Бүгінде бұл мекеме аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған маңызды алаң ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды орын алады. Серіктестік «Теңізшевройл» ЖШС игеріп отырған Теңіз кен орнынан табиғи газ сатып алып, оны таратушы желілер арқылы тұтынушылардың газ қондырғыларына дейін жеткізеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, табиғи монополия субъектілері жыл сайын және жартыжылдық қорытынды бойынша бекітілген тарифтік сметаның орындалуы, инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы, қызмет сапасының сақталуы мен тиімділік көрсеткіштері туралы есеп беруге міндетті. Осы талаптарды басшылыққа алған «Жылыойгаз» ЖШС 2025 жылы атқарылған жұмыстарды толық қамтып, жылыойлықтарға ашық есеп ұсынды. Атап айтқанда, есепті кезеңде серіктестік бекітілген инвестициялық бағдарламаны толық орындап, жыл соңына дейін тиісті қаражатты игерген. Аталған жұмыстар ауданның газбен қамту жүйесінің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 2021–2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама толық жүзеге асырылып, жоспарланған барлық шаралар уақытылы орындалды. Бұдан бөлек, негізгі қорлардың ұлғаюына әсер етпейтін жөндеу жұмыстары да тиісті органмен бекітіліп, жүйелі түрде атқарылып келеді. Серіктестіктің қаржылық-экономикалық көрсеткіштері де тұрақтылықты көрсетеді. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы кіріс 2 741 367 теңгені құраса, қызмет көрсетуге жұмсалған шығындар көлемі 2 560 281 теңгеге тең болды. Нәтижесінде салық салуға дейінгі пайда 181 086 теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер кәсіпорынның өз қызметін тиімді ұйымдастырып отырғанын аңғартады. Тауарлық газды тасымалдау көлеміне келетін болсақ, 2025 жылға жоспарланған көлем 158 379,51 мың текше метр болған. Оның ішінде жеке тұтынушылар үшін 69 805,667 мың текше метр, заңды тұлғалар үшін 64 880,77 мың текше метр. Ал нақты тасымалданған газ көлемі 134 686,44 мың текше метрді құрады. Яғни жоспарлы көрсеткішке толық қол жеткізілмегенімен, тұрғындарды үздіксіз газбен қамтамасыз ету міндеті толық орындалды.

Бүгінде мекеме өз қызметінде тұтынушылармен тиімді әрі ашық жұмыс жүргізуге ерекше мән береді. Барлық өтініштер мен арыз-шағымдар Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының талаптарына сәйкес қаралады. Яғни қосымша тексеруді қажет етпейтін өтініштер 15 күн ішінде, ал қосымша ақпарат немесе тексеру қажет болған жағдайда 30 күн ішінде қаралып, тиісті шешім қабылданады. Қажет болған жағдайда қарау мерзімі ұзартылып, бұл туралы өтініш берушіге уақыты хабарланады. Серіктестікте «бір терезе» қағидаты енгізілген, соның арқасында тұрғындар барлық қызмет түрлерін бір жерден алып, өтініштерін, шағымдары мен ұсыныстарын жолдай алады, сондай-ақ техникалық шарттар мен келісім шарттарды рәсімдеу мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, IBM Notus электрондық құжат айналымы жүйесі енгізіліп, тұтынушылардан келіп түсетін барлық өтініштер жедел түрде жауапты мамандарға бағытталады. Бұл өз кезегінде өтініштердің орындалу сапасы мен мерзімін қатаң бақылауға мүмкіндік береді. Тұтынушылардың уақытын үнемдеу мақсатында төлем қабылдау терминалдары да жұмыс істейді. 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Газды қауіпсіз пайдалану, төлем жасау тәртібі, тарифтер, жылу беру маусымына дайындық сияқты маңызды мәселелер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға үнемі жеткізіліп отырады. Бұл ретте алдағы жылыту маусымына дайындық аясында қыркүйек айының 1-і мен қазан айының 7-і аралығында қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылып, ауданның елді мекендерінде тұрғындармен кездесулер өткізу жоспарланған. Кездесулер барысында «Тұрмыста газды қауіпсіз қолдану» және «Газ құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау» тақырыптарында да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 

«Жылыойгаз» ЖШС аудан тұрғындарын табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жоғары деңгейде жалғастырып келеді. 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап бекітілген жаңа тарифтерге сәйкес, Жылыой ауданы бойынша әр 1000 текше метр газ үшін 4 895,07 теңге, ал Прорва өндірістік аймағында 10 578,46 теңге мөлшерінде тариф белгіленген. Қазіргі таңда серіктестік осы тарифтер негізінде қызмет көрсетуде. Яғни, кәсіпорын 2025 жылды табысты қорытындылап, өзіне жүктелген міндеттерді толық орындады десек артық айтқандық болмас. Алдағы уақытта да тұтынушыларға сапалы, қауіпсіз әрі тұрақты қызмет көрсету басты басымдық болып қала бермек. 

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT