Отбасы күнін мерекелеуге арналған облыстық іс-шаралар жоспары аясында «Қазақия» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Қазақстанның әйелдер күші Альянсы және Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Отбасылық дәстүр – жастарды еңбекке баулу» атты заманауи киіз басу шеберлік сағаты өтті.
Шараға әр отбасынан әже, ана және немере қатысты. Қатысушылар тәжірибелі шеберлерден киіз басудың қыр-сырын үйреніп, қой жүнінің қасиеті мен тұрмыстағы қолданысы туралы мағлұмат алды. Шеберлік сағаты барысында отбасы мүшелері бірге жұмыс істеп, үлкендердің тәжірибесін кейінгі буынға жеткізуге мүмкіндік алды.
Шеберлік сағатын киіз басу шеберлері Бағытжан Жолдығалиева, Гүлайым Шоқанова және Зина Қуанышқалиева жүргізді.
«Қазақия» қоғамдық қорының төрайымы Жанар Әбіштің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – ұлттық мұраны жастарға заманауи форматта таныстыру, дәстүрлі қолөнерді отбасылық ортада насихаттау және жастарды еңбекке баулу.
– Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде өтетін Отбасы күніне орай отбасылық дәстүріміздің бірі – киіз басуды Әйелдер күші Альянсы және Іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп, Жайық жағасында ұйымдастырдық. Іс-шараның мақсаты – жастарды еңбекке баулу, киіз басу дәстүрін үйрету. Бүгінгі шараға бір әулеттің әжесі, атасы, келіні мен немересі қатысып, заманауи форматта қолөнермен айналысып жатыр. Сонымен қатар Жайықтың көркем табиғатын тамашалап, мазмұнды уақыт өткізуде, – дейді Жанар Төрениязқызы.
Іс-шараның ерекшелігі – шеберлік сағатының Жайық өзенінде жүзетін кеменің үстінде басталуы. Қатысушылар кеме үстінде қолөнермен айналысып, қаланың көрікті көрінісін тамашалады. Шараның жалғасы ұлттық өнер мен отбасылық құндылықтарды ұштастырған мазмұнды кездесуге ұласты.
Іңкәр ЖҰМАҚҰЛ
Суретті түсірген автор



