Қазақтың Қыз Жібегі – Жылыойда

Ауданымызға қазақтың біртуар перзенті, халықтың сүйікті Қыз Жібегі, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова келіп, жұртшылықпен жүздесті. Бұл кездесу қарапайым шара емес, ұлттық өнердің құдіретін ұлықтаған, жүректерді тебіренткен шынайы рухани кеш болды.

Жиналған қауымның ықыласы мен ыстық ілтипатында шек болған жоқ. Кештің шымылдығын ашу құрметі ауданымыздың дарынды өнерпаздарына бұйырды. Олар алдымен өнердің түрлі жанрында концерттік бағдарлама қойып, мәртебелі мейманға өздерінің жоғары құрметін көрсетті. Сахна төрінде күмбірлеген күй тартылып, әуезді әндер шырқалып, бишілер мың бұрала биледі. Бұл мазмұнды да салтанатты кездесу кешін ақын Б.Базарбаев жүргізіп отырды. Ол өзінің кіріспе сөзінде қазақ киносының алтын қорындағы бірегей туынды – «Қыз Жібек» фильміне ерекше тоқталып, ондағы басты кейіпкерлерді сомдаған дарынды актерлер туралы толғана әңгімеледі. Осы орайда Б.Базарбаев Меруерт апайдың қазақ мәдениеті мен кино өнеріндегі шоқтығының биік екенін халыққа зор мақтанышпен жеткізді.

Бұдан соң залдағы қалың көрерменнің зор құрметімен, толассыз соғылған шапалағымен сахна төріне өнер иесінің өзі көтерілді. Жиналған халық аңыз актрисаға ерекше ықылас көрсетті. Ол алдымен өзін құшақ жая қарсы алған, өнерді бағалай білетін барша аудан халқына, ақ жаулықты аналар мен ақсақалдарға, жастарға өзінің шексіз алғысын айтты. Меруерт Өтекешова сахнада тек шығармашылық жолы туралы ғана емес, өмірлік терең философиялық ойларымен де бөлісті. Ол өз сөзінде өнер иесінің ең алдымен таза жүректі болуы керек екенін ерекше қадап айтты. Актрисаның пайымдауынша, жалпы адам баласы өнерде болсын, басқа салада болсын, өмірде қай бағытқа кетсе де, өз бойындағы сол таза қалпын ұстап қалуы өте маңызды. Сонда ғана адамның өмірде жолы ашық болатынын, еңбегі еленіп, мақсатына жететінін ақтарыла жеткізді. Бұл сөздер өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін үлкен ғибрат, өмірлік темірқазық іспетті болды.

Сонымен қатар халық әртісі өзінің аяулы ата-анасын зор сағынышпен еске алып, олардың тәрбиесі мен берген бағыт-бағдарына тоқталды. Осы ретте аңыз тұлға қазіргі жастарға үлкен насихат айтты. Жастарды ата-аналарын үнемі іздеп, оларға көңіл бөліп, бар кезінде бағалауға, қадірлеуге шақырды. Ата-ананың ризашылығы мен батасын алу өмірдің ең үлкен бақыты екенін жас буынның санасына құйды. Кездесу барысында көрермендерді ең көп тебіренткен сәт – актрисаның махаббат пен адалдық туралы сыр шертуі еді. Ол өнерде де, өмірде де қол ұстасып бірге өткен, қазақтың біртуар актері, марқұм жұбайы Құман Тастанбеков туралы өте әсерлі естеліктерімен бөлісті. Жарының асыл қасиеттері, өнерге деген адалдығы мен отбасындағы қамқорлығы туралы айтылған әңгімелер кештің мәнін аша түсті.

Кеш соңында ауданымыздағы белгілі «Жұлдыз-ай» сән үйінің иесі Жұлдызай Жандосқызы сахнаға көтеріліп, аудан халқының атынан Меруерт Өтекешованың иығына асқан талғаммен тігілген әдемі шапан жапты. Бұл сыйлық аңыз актрисаға деген бүкіл аудан жұртшылығының шексіз құрметі мен махаббатының белгісіндей болды. Осылайша өмір мен өнердің, адалдық пен адамгершіліктің асыл құндылықтары дәріптелген кездесу кеші аяқталды. Халық аңыз тұлғамен қимай қоштасып, ерекше рухани азық алып тарасқаны анық.

П.ҚИЗАТОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT