Қазақстандық режиссер Жаннат Алшанованың «Таңдау» (BECOMING) атты дебюттік толықметражды фильмі алғаш рет Қазақстанда көрсетіледі.
Премьера 22 тамызда Алматыда Qyzqaras Film Festival аясында өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Көрсетілім аяқталғаннан кейін көрермендер фильм режиссері Жаннат Алшановамен кездесуге мүмкіндік алады.
Туындының әлемдік премьерасы 2025 жылы Локарно халықаралық кинофестивалінде өткен. Кейін картина Пусан, Таллин, Гётеборг кинофестивальдерінде, SXSW London және басқа да халықаралық алаңдарда көрсетілді. Таллин кинофестивалінде фильм үздік копродукция үшін арнайы марапатқа ие болды.
Фильмнің негізгі кейіпкері – 17 жастағы Мила. Ол еркіндікке қол жеткізіп, отбасындағы қиындықтардан алыстау үшін жүзушілер командасына қосылуға талпынады. Алайда мақсатына жетер тұста өмірін өзгертуі мүмкін күрделі таңдау жасауға тура келеді.
«Таңдау» Қазақстан, Франция, Нидерланд, Литва және Швецияның бірлескен жобасы ретінде түсірілген. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында жүргізілді.
Басты рөлдерді Тамирис Жанғазинова, Валентин Новопольски, Әсел Қалиева және Медина Сағындықова сомдаған. Фильмнің қоюшы операторы – Каролин Шампетье.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.



