Қазақстанда ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге барған медицина мамандарына тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 10,8 млн теңгеге дейін бюджеттік кредит беру қарастырылған.
Қаржылай қолдаудың мөлшері маман жұмыс істейтін елді мекеннің мәртебесіне байланысты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Үкіметтің медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жөніндегі ақпаратында көрсетілген.
Қолданыстағы қолдау тетігіне сәйкес, ауданның әкімшілік орталығы болып саналатын ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 2 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бюджеттік кредит беріледі.
2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгені құрайды. Демек, аталған кредиттің мөлшері 10 812 500 теңгеге тең.
Ал басқа ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге барған мамандар үшін 2 000 АЕК көлемінде кредит қарастырылған. Бұл – 8 650 000 теңге.
Аталған қаражат тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бағытталады. Оның қайтарымсыз жәрдемақы емес, бюджеттік кредит екенін ескерген жөн.
Медицина қызметкерлерін қолдау тек тұрғын үй мәселесімен шектелмейді. Мемлекеттік шаралар қатарында көлік шығындарын өтеу, медицина қызметкерлерінің балаларына мектепке дейінгі ұйымдардан басым тәртіппен орын беру сияқты жеңілдіктер де бар.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде кадр тапшылығы бар мамандықтар бойынша жұмыс істеуге барған дәрігерлерге кемінде бес жыл еңбек ету шартымен 8,5 млн теңге біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу тетігі қолданылады.
Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы тұрғын үймен қамтамасыз етілген дәрігерлер саны 727 адамға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп.
Мұндай қолдау шаралары ауылдық жерлердегі медициналық кадр тапшылығын азайтуға және жас мамандарды өңірлерге тартуға бағытталған.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ




