Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынады: су саласы түбегейлі жаңғырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда су қауіпсіздігін күшейту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салу, 37 нысанды реконструкциялау, 14,5 мың шақырым каналды жаңарту және су жүйелерін цифрландыру жоспарланған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғыртуды еліміздің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі ретінде атап өтті. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында су шаруашылығы кешенін жаңарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізілуде. Су қоймалары салынып, реконструкциялануда, су арналары жаңғыртылып, заманауи суару технологиялары мен су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелері енгізіліп жатыр.

 

Негізгі шаралар 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында және 2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарда көзделген.

 

— Жоспар су шаруашылығы инфрақұрылымын толық қамтиды. Атап айтқанда, 42 жаңа су қоймасын салу, жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын реконструкциялау, 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту және кемінде 3,5 мың шақырым суару желілерін цифрландыру жоспарланған. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары енгізіліп, су тасқыны мен құрғақшылықты болжау жүйелері жетілдірілуде, саланың кадрлық және ғылыми базасы нығайып келеді, — делінген хабарламада.

Жүзеге асыру кезеңінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді: су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтіліп, су қоймалары мен су арналары реконструкцияланды, жаңа нысандардың құрылысы басталды, ирригациялық желілерді тазарту көлемі ұлғайтылды, кадрлық әлеует нығайтылып, қосымша қаржы тартылды.

 

 

 

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT