Қауіпсіздік жаттығулары жиі өткізілуі керек

Білім беру мекемелері адамдар, әсіресе балалар көп жиналатын нысандар болғандықтан оларға қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптары өте қатаң. Өрттің алдын алу тек қана тексеруші органдар үшін емес, әрбір баланың өмірін сақтау үшін қажет.

Өрттің алдын алудың техникалық негіздері кез келген білім беру мекемесінде өрт қауіпсіздігі жүйесі келесі құрамдас бөліктерден тұруы міндетті:

• Түтін детекторлары: ғимараттың әрбір бөлмесінде (сыныптар, асхана, дәліздер) орнатылуы тиіс. Олар өрттің алғашқы сатысында-ақ белгі береді.

• Дауыстық хабарлау жүйесі: өрт шыққан жағдайда адамдарға эвакуация қажеттілігі туралы хабар беретін динамиктер.

 • Өртке қарсы су құбыры: Әр қабатта арнайы шкафтарда орналасқан өрт крандары мен жеңдері (шлангілері) жұмысқа дайын күйде болуы керек. Әрбір мекемеде өрт сөндіргіштер (огнетушитель) жеткілікті мөлшерде болуы тиіс.

Эвакуация – өрт кезіндегі ең маңызды процесс. Оның сәтті өтуі ғимараттың құрылымына тікелей байланысты. Барлық қосалқы есіктер ішкі жағынан оңай ашылатын тиектермен (запор) жабдықталуы керек. Оларды құлыппен жауып тастауға қатаң тыйым салынады. Дәліздерде, сатыларда және есік алдында жиһаз, құрылыс материалдары немесе басқа да кедергі келтіретін заттар тұрмауы тиіс. Электр жарығы сөнген жағдайда бағытты көрсететін "Шығу/Выход" деген жазуы бар жарық беретін белгілер жұмыс істеп тұруы керек. Өрт кезінде тыныштық сақтап, мұғалімнің нұсқауымен жүру керек. Егер бөлме іші түтін болса, ауыз бен мұрынды дымқыл шүберекпен жауып, еңбектеп қозғалу керек (еденге жақын жерде оттегі көбірек болады). Өрт кезінде лифт тоқтап қалуы мүмкін, тек баспалдақпен түсу керек. Терезе ашқанда оттегінің келуі өрттің өршуіне себеп болады. Өрт шыққан жағдайда мұғалімдердің әрекеті – дереу "101" немесе "112" нөміріне қоңырау шалу. Мүмкіндік болса, ғимаратты электр желісінен ажырату. Сыртқа шыққан соң журнал бойынша оқушыларды санап, егер біреу жетіспесе, дереу өрт сөндірушілерге хабарлау. 

Балабақшаларда өрт кезінде тәрбиеші – топтың көшбасшысы. Себебі балалар қауіпті толық сезінбейді және олардың мінез-құлқы болжаусыз болуы мүмкін. Ол балаларды жылдам жинап, киіндіріп (мүмкіндік болса) немесе көрпеге орап, қауіпсіз жерге шығаруы тиіс. Балаларға "өрт сөндіруші" туралы ертегілер айтып, ойын түрінде эвакуацияны үйрету керек. Бала өрттен қорықпай, керісінше, қалай әрекет етуді білуі қажет. Балаларға өрт кезінде кереуеттің астына немесе шкафтың ішіне тығылуға болмайтынын түсіндіру өте маңызды, себебі бұл құтқарушылардың жұмысын қиындатады.

 Тәжірибелік жаттығулар (эвакуация) тоқсанына кемінде бір рет өткізілуі тиіс. Тек тұрақты дайындық қана нақты қауіп төнгенде қателік жібермеуге көмектеседі.

Т.Есмағамбетов,

аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі №9 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі,

азаматтық қорғау старшинасы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT