Тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау, төтенше жағдайлардың, құқық бұзушылықтардың және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында аудандық полиция басқармасы, Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары және Жастар ресурстық орталығының қатысуымен бірлескен ауқымды жедел алдын алу-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында мамандар халық көп шоғырланатын және көлік қозғалысы қарқынды жүретін аумақтарда профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Махамбет даңғылы, айналма тас жол және қаладағы көлік ағыны ең көп жүретін көшелерде автокөліктер тоқтатылып, жүргізушілер мен жолаушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Мамандар тұрғындарға арнайы дайындалған жадынамаларды таратып, күнделікті өмірде сақталуы тиіс қарапайым қауіпсіздік қағидаларының адам өмірін сақтап қалудағы маңызын түсіндірді. Акцияның негізгі мақсаты тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қайғылы жағдайлардың алдын алу.
Профилактикалық жұмыстар барысында судағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, балалардың қауіпсіздігі, суицидтің алдын алу және құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Жаз мезгілінің басталуымен бірге шомылу маусымы да қыза түседі. Демалыс күндері тұрғындардың басым бөлігі өзен-көл жағалауларына барып демалуды жөн көреді. Осыған байланысты мамандар Қамыскөл су айдынының жағалауына барып, демалушылармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Су жағасында адамдардың қарасы көп болғандықтан, әрбір азаматқа қауіпсіздік талаптары жеке түсіндіріліп, жадынамалар үлестірілді. Құтқарушылар тұрғындарға тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар белгіленбеген жерлерде суға түсуге, көпірлер мен бөгеттердің маңында жүзуге, тереңдігін білмейтін жерлерге секіруге болмайтыны айтылды. Суда бір-бірін итеру, әзілдеп батыру немесе қауіпті ойындар ойнаудың да адам өміріне қауіп төндіретіні түсіндірілді. Мамандар әсіресе алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсудің аса қауіпті екенін атап өтті. Себебі алкоголь адамның қимыл-қозғалысын, тепе-теңдігін және дұрыс шешім қабылдау қабілетін әлсіретіп, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Жыл сайын орын алатын судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі дәл осы қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдарынан болатыны тұрғындарға жеткізілді.
Айрықша атап өткен жөн, қазіргі таңда балалардың жарақат алуына және өміріне қауіп төндіретін негізгі себептердің бірі – терезеден құлау оқиғалары болып отыр. Әсіресе 3 пен 5 жас аралығындағы балалар үлкендердің қарауынсыз қалған кезде ашық тұрған терезеге жақындап, орны толмас жағдайларға тап болуы мүмкін. Мамандар ата-аналарға балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауды, терезе алдына жиһаз қоймауды, москит торына сенбеуді және терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуды ұсынды. Сонымен қатар әрбір ата-ана баласына қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, олардың қай жерде ойнап жүргеніне назар аударуы қажет екені айтылды. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі де кеңінен қозғалды.
Мамандардың айтуынша, жасөспірім шақ – психологиялық тұрғыдан ең күрделі кезеңдердің бірі. Бұл уақытта достарымен, ата-аналарымен келіспеушілік, оқу үлгеріміне байланысты қиындықтар немесе жеке өміріндегі күйзелістер баланың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда көмекке мұқтаж жасөспірім өзінің мінез-құлқы, сөзі немесе көңіл күйі арқылы айналасына белгі береді. Сондықтан ата-аналар, мұғалімдер және жақындары баланың көңіл күйіндегі өзгерістерге бейжай қарамауы тиіс. Егер жасөспірімнің бойында ұзақ уақытқа созылған жабырқау көңіл күй, ұйқының бұзылуы, тәбеттің төмендеуі, тұйықталу немесе өмірден түңілу белгілері байқалса, уақыт оздырмай психологтың немесе басқа да тиісті мамандардың көмегіне жүгіну маңызды екені түсіндірілді.Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша тұрғындарға қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін бұзбау, алаяқтық әрекеттерден сақ болу және күмәнді жағдайлар орын алған кезде бірден құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігі ескертілді. Аудан тұрғындары мен жүргізушілер мамандардың түсіндіру жұмыстарын қолдап, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Көпшілікке таратылған жадынамаларда төтенше жағдайлардың алдын алу жолдары, қауіпсіздік талаптары және төтенше жағдай кезінде хабарласатын қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілді.
Профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілік деңгейін арттыру. Қауіпсіздік талаптарын сақтау әр адамның өз өмірі мен айналасындағылардың амандығына қосатын маңызды үлесі. Әрбір азамат қарапайым сақтық шараларын ұстанып, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қараса, көптеген жазатайым оқиғалар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туады.
А.Талапкер



