Қанат ұшса қатаяр

«Кең Жылыой» мәдениет үйі жанынан құрылған жастар театры қабырғалы қаламгер, аяғын алшаң басып арамызда жүргенде биыл желекті жетпіс жасқа толатын марқұм Рахымжан Отарбаевтың «Двойник» пьесасын сахналауға шешім қабылдағанда көкейімде үміт пен күдік қатар өріліп, алмағайып сезімді бастан кешкенім есімде. Қағаз бетіне түскен қай шығармасы да оқырманға шымыр жаңғақтай оңай шағыла қоймайтын, айтар ойының ақиқаты теңіздің тереңіндей тым тұңғиықта жататын жазушының жансебіл арманының жаңғырығын көрермен жүрегіне жеткізу үшін даусыз дарынмен бірге шексіз шеберлік қажет еді және бұл туындының түпкі мәні ұлы Федор Достоевскийдің «Мейлі, ақтай беріңдер, мейлі, жазаламай-ақ қойыңдар, бірақ, зұлымдықты зұлымдық деп өз атымен атаңдаршы» деген тәмсілімен төркіндес келеді.

Қабілеттерін қанша қадірлесем де, қасиеттерін қанша құрметтесем де оларды майданның алдыңғы шебіне шықпаған жас сарбаздар санайды екенмін. Қателескенімді кейін ұқтым. Әсіресе мәдениет үйінің жас қызметкері Айнұр Тасымова шығарманы оқып шығып «Маған ұнады, осы пьесаны сахналауымыз керек» дегенде көңіл демдегендей болдым. Ол тіпті кімнің қай кейіпкерді сомдайтынын саралай бастады.

Арада аз ғана уақыт өткенде алғашқы дайындық жұмыстары басталғанын естіп, мен де алқына жеткенмін. Би бегімі Мағрипа Қопалқызы әдеттегідей кеңес беріп, ақыл айтып, қажет жерінде ұрсып алып, күйіп-пісіп жүр екен. Мәдениет үйінің бүгінгі шыққан биігі осы Мағрипаның маңдай терінің мәуесі деп есептеймін. Олқының орнын толтыру үшін әлі ақша бөлдіру, киім тіктіру қажет. Басқа да ұйымдастыру жұмыстары шаш-етектен. Дегенмен кейіпкерлерді сомдайтын жас дарындар іріктеліп, өз міндеттерін мінсіз атқаруға сақадай сай екен. Ең бастысы, өз мамандықтарына деген махаббат, бір биікке көтерілсем деген құлшыныс, көрермен көңілінен шықсам деген ұмтылыс, қандай қиындықтан да қынбасам деген бұлқыныс – міне, олардың арманын алға сүйреген асқақ мұрат. Шығарманың шылбырын уыстан шығармаған тергеуші – Назгүл Жиенбаева, арманы мен асылын да ақшаға айырбастаған Бай – Әлібек Амандықов, мақсатсыз тірлікті малданып, аяғында алданып қалған двойник – Жақсылық Ержанов, өмірдің мәні мен көңілдің сәнін байлық деп білген Байдың әйелі – Нұргүл Жұмағалиева, шетелдікке тұрмысқа шығып, шайпау өмірді шайқап өтпек Байдың қарындасы – Айнұр Тасымова, алаяқ па, арамза ма, адам білмейтін күйеу бала – Азамат Төрехан, құнсыз өмірдің мұңсыз кейіпкері хатшы қыз – Мөлдір Елеуова, шалқып жүргендердің шаптарынан шағатын, бақтарынан қағатын, қажет болса қаңғыртып жіберетін шайтандар – Аймира Орынбасарова, Айбол Бақытжанұлы, Бекет Аманқос, Махамбет Асанов – осы қалайы жоқ сайдың тасындай ірі де іргелі істерді жүзеге асыруға лайықты жігіттер мен қыздар, ұлттық өнердің елеулі ертеңі деп бағалауға тиісті бағландар деп білдім. Шындық щылбырының түйінін шешуге тырысқан парасат пайымы зор әке – Ерқанат Жұмағалиевтің орны бір төбе.

Оқиғаның желісі де аса күрделі емес, ойламаған жерден үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген Байдың басына іс түседі. Қадалған жерінен қан алатын тергеушінің тепкіні мен екпінінен қалай құтылам деп шақшадай басы шарадай болған, өмірі ақшаға байланған, ақшаның құлына айналған бейшараны шет елге кетіп, жатжұрттыққа тұрмысқа шыққан қарындасының күйеуі құтқарады. Ол қайын ағасының орнына Двойник тауып беріп, өзін елден шығарып жібереді. Ал Двойник көрсетілім соңында қаза табады. Әлеуметтік желіде өріп жүрген әлдекімдерді еске салатын өмір шындығы емес пе?!

Әрине, кино өнерінде кейіпкерге сыңар табу қиын емес. Сол актердің өзі де ойнай салады. Майталман Жан Марэнің «Фантомасы», Ален Делон ойнайтын «Зорро», ұлы қазақ әртісі Нұрмұқан Жантөрин сомдайтын «Сұлтан Бейбарыс» фильмдерінде сыңарлар солардың өздері ғой. Ал драматургияда оның жөні бөлек. Көзайым көрерменді көлденең көк аттымен алдарқата алмайсың. Сенімнен айырылсаң, сенен сырт айналуы мүмкін. Бұл өнерге шығарылған қатал үкім болар еді. Осы орайда бас кейіпкер Әлібекке сыңар болып Жақсылықтың табылуы әрі жаңалық, әрі жарасымды жұп ретінде танылды. Байға бұғалық салып, ұзын арқан, кең тұсауда ұстап, уысынан шығармай, бүгінгі қоғам шындығын шыңғырта жеткізген тергеуші - Назгүл Жиенбаева төселіп қалған дарын, көнелі әртіс. Оның ойыны шеберлік шыңы. Байдың (Әлібек Амандықов) әйелін (Нұргүл Жұмағалиева) қылғындыруы, двойниктің (Жақсылық) жалған байлықтан басы айналып, шабыттана шалқуы, үздік шыққан үкілі үзінділер. Ал Қонбайдың (Азамат Төрехан) әр әрекеті, соған қиюласа кететін қимылы, әлде әйелі, әлде қалыңдығының (Айнұр Тасымова) оған деген алыстан аңдағайлап аңғарылатын аңғал да адал сезімі шынайылығымен баурайды. Айнұр өмірдегі көңілін өнерде де жасыра алмады-ау деп ойлаймын. Ал шалт қимылды, шайпау мінезді, арсы-гүрсі жүретін, арсалаңдай күлетін, пенденің осал жерін білетін шайтандарлың (Аймира Орынбасарова, Айбол Бақытжанұлы, Бекет Аманқос, Махамбет Асанов) көрерменге әсері ерек, қимылдары бөлек. Олардың сахнадағы қозғалысында жалған дүниенің қопарылысы бар. Көрермен ретінде мен де өзімді шайтан иектеп жүрген жоқ па деп үрейленіп қалдым. Мүмкін сахна шеберлігі осы шығар. Мен спектакльді сұлу қыздың сүйрік саусағындағы алтын сақинаға салған лағыл тастай жарқыратып, сахнаға алып шыққан режиссер, жерлесіміз Гүлназ Қамысбаеваға Жылыой ауданы халқы атынан ақ жүрек алғысымды жолдаймын. Шығармашылық табыс, ұлттық намыс тілеймін. Қимыл әрекеттерді жүйелі жүзеге асыруға, жас болса да бас болған хореограф-Наргиза Максимоваға айтар алғыс шексіз.

Ақпанның 24-і жұлдызындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық драма театры сахнасында көрсетілген қойылым бойынша оралымды ойларымды ортаға салып отырмын. Бұл облыстық халық шығармашылығы орталығының жоспарына сай жүзеге асқан шалқар мазмұнды шара. Оған аса үлкен жауапкершілікпен келу керек. «Тобырды халыққа айналдыратын – театр» деген немістің ұлы қаламгері Томас Манның қанатты сөзі бізді айналып өтпеуге тиісті. Жерлесіміз Рахымжан Отарбаевтың бұл туындысы өмірдің ең өзекті мәселесін қозғаған шырылдаған шындықпен шынжырланған шымыр да жұмыр дүние. 

Өнер сапарында талай саңлақтар сайран салған киелі сахнаға шығу біздің Кең Жылыойдың қабырғалары қата қоймаған жас дарындарына оңайға соққан жоқ. Жүректері дүрсілдеп, тізелері дірілдеп жүріп, айналасы бір сағаттың ішінде сөзбен, қимылмен, бимен, әнмен қоғамның сыздап тұрған жарасын жалап жазуға тырысып-ақ бақты. Өздері ерекше тебіренгендіктен, көздері шүпілдеп жасқа толды. Сахнаға алғыс айтуға шыққанда солардың кірпіктерінің ұшына ілінген тамшыларды ықыласымның ыстық лебімен кептіргім келген, тек балаусаға жайылған бағландай баптары келіскен бауырларымның өнер өлкесіндегі бақтары ашылып, алар асулары биік болса деп тіледім. Олар қандай мақтауға да, марапатқа да лайық болатын. Ең болмағанда осы қойылымды бейнетаспаға түсіріп, кино спектаклі ретінде сақтауға болмас па?! 

Осыған орай облыстық шығармашылық орталық басшыларына айтар базынам бар. Кез келген шараның үш тірегі болады. Мән, мағына, мазмұн деп аталады. Жеті ауданды дүрліктіріп аламан бәйге ұйымдастырылған екен, оның қорытындысында өнерпаздар анықталып, сыйлықтар берілуі қажет. Ол «озат режиссура», «шебер актер», «кемел кейіпкер» сияқты аталымдармен айшықталғаны абзал. Себебі бұл қаншама дарынды жастардың ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерінің жемісі. Көкіректерінде үлбіреген үкілі үміттері. Жылыой жастары сахналаған спектакльге «Үздік музыкалық қойылым» деген диплом беріліпті. Ау, ағайын Рахымжан Отарбаевтың рухымен осылай ойнауға бола ма? Бұл біздің бүгінгі өміріміздің мемлекеттік деңгейде трагедияға айналған қасіреті туралы шығарма емес пе?

 Ән мен би әрекетті түсіндірудің әдепті жоралғысы ғана еді ғой. Арнайы алқада талқыланып, шымыр шығарманы кәсіби шеберлікпен көрермен жүрегіне жеткізген жастардың маңдайынан сипап, арқасынан қақпасаңдар да жылы сөздерінді арнамайсыңдар ма, сол үшін де үлкен ақыл керек пе? Осындайда ойыма Есенғали Раушанов достың:

Ортақ емес бір керме,

Қоспа кілең тобырға,

Бөлек шаба білгенге, 

Бөлек болсын орын да,-дегені оралады. 

Театрдың, жалпы өнер ордасының иесі де, киесі де көрермен. Өнерпаздар сол киенің көңілінен шығу үшін үнемі шеберліктерін шыңдап отырады. Әйтпесе бәрі далбаса. Сол көрермендерді қарсы алу, орындарға орналастыру – сыйластықтың үздік үлгісі. Қойылым басталуға жарты сағат бұрын келсем, кіреберісте қонақтарды Гүлнафис Айшуақова қарсы алып тұр екен. Әуелі қуандым, артынан қамықтым. Аудан әкімінің орынбасары деген лауазым иесі әрі нәзік жан. «Бұл ауданның жігіттері қайда?» деп ойламай ма келгендер. Мен Гүлнафис Аязберікқызының қойылым дайындығына келіп пікірін айтып, ойын ортаға салып, ілкімді істерге ұйытқы болғанын естулімін. Өзбекәліні өзіне пір тұтатын жанның өнерге көзқарасы да өзгеше болар. 

Қойылым аяқталған соң сахнаға шыққан, сағыныштың сал самалы жанын желпіген автордың жан жары Сәуле Отарбаеваның Жылыой жас таланттарының қас шеберліктеріне тәнті боп, спектакльді кәсіби деңгейде алып шыққандары үшін басын игені, талайды көрген тарланбоз, Атырау облысы ардагерлер кеңесі төрағасы Мұрат Өтешовтің «ереуіл атқа ер салған, еңку-еңку жер шалған» кездерін елжірей еске алып, тебірене сөйлеуі ерекше есте қалған шуақты да шұғылалы сәт. 

Сол күні Құлсары қаласына жас өнерпаздар мінген автобуспен қайттым. Өзімше жарытусыз жалақыға жандарын жалдап жүрген өнер жанкештілеріне деген құрметім еді. 

Спектакль жуырда, Театр күні қарсаңында «Кең Жылыой» мәдениет үйі сахнасында тағы да қойылды. Бұл жолы бұрынғыдан да ерекше әсер алдым. Мен осы драма (музыкалық қойылым емес) арқылы жас дарындарымыздың бір оқпен үш қоянды қатар атып алғанын жаңа ұқтым. Ең алдымен осы қойылым биылғы мерейтойына жете алмай арманда кеткен менің аяулы досым, сырласым Рахымжан Отарбаевтың рухына бағыштаған дұғалары, қабіріне тастаған бір уыс топырақтары, құлпытасы жанына қойған бір құшақ гүлдері еді. Рухы пейіште шалқысын! 

Екіншіден, олар мақтау мен марапаттардан да биік құндылық, көрерменнің махаббатына бөлену екенін періште жүректерімен түсінді деп есептеймін. 

Үшіншіден, сенім деген ұлы күш екенін, оны сетінетпеу өздерінің болмысындағы арман мен арға адалдықпен өлшенетінін бағамдады деп білемін. «Қанат ұшса қатаяды» деген. Қанаттарың талмасын, талаптарың ортаймасын! Ал мен болсам, Театр күні мерекесіне орай осынау ауданға абырой, басшыларына бедел, тілектестеріне мерей сыйлаған жас дарындарды аудан әкімінің Алғыс хатына ұсыну кімнің міндеті деп әлі бас қатырып жүрмін. «Бір кем дүние» деген сол болар. 

Бүркіт БАЗАРБАЕВ,

ҚР Жазушылар одағы мүшесі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT