Иә, алақандай қаламыздың ажарын ашып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта ауданымызда кейінгі жылдары инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырларын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тапсырысымен қолға алынған жоба аясында тұрғын үйлердің сыртқы келбеті заманауи талаптарға сай жаңартылып, шатырлары толықтай жөнделмек. Жоба бойынша жұмыстар №5 ықшам аудандағы 10 көп қабатты тұрғын үйді қамтиды. Күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылдың алғашқы тоқсанында басталып, 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. Аудан әкімінің орынбасары Аманжол Айдашевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары барысында заманауи технологиялар мен сапалы құрылыс материалдары қолданылып жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстарына шамамен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бүгінде құрылыс жұмыстарын «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспекторы Еркебұлан Жұмабаевтың мәліметінше, мұнда қазір 30-ға жуық маман еңбек етуде.
– Құлсары қаласының кешенді даму жоспарына сәйкес №5 ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір құрылыс алаңдарында жұмысшылардан бөлек екі арнайы техника және қосымша бір генератор жұмылдырылған, – дейді бөлім инспекторы Е.Жұмабаев өз сөзінде.
Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін мердігер мекеме атқарылған жұмыстарға үш жылдық кепілдік береді. Айта кетейік, ауданымызда 2023 жылы 7 көп қабатты тұрғын үйдің, ал 2024 жылы 11 көп қабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Д.Ізбасарқызы



