Кеше ішілген сыра бүгінгі сапарға кедергі болмайды деп ойлаған жүргізуші алкогольдік масаң күйде рөлге отырғаны үшін сот алдында жауап берді. Ащы судың салдары осылайша ұзақ мерзімді шектеуге ұласты. Оқиға 24 тамызда орын алды. Іс материалдарына сәйкес, жүргізуші полиция қызметкерлері арқылы сағат 10.10-да «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөлікті басқарып келе жатқанда тоқтатылып, оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Сот отырысында ол кінәсін мойындап, алдыңғы күні сыра ішкенін және жұмысқа бару қажеттілігіне байланысты көлік тізгініне отырғанын түсіндірген. Жұмысқа асығу заң талабын айналып өтуге себеп бола алмайды. Әсіресе, көлік басқару кезінде адамның өзін қалай сезінетінінен гөрі, оның нақты жағдайы маңызды екені бесенеден белгілі. Алкогольдің әсері назардың төмендеуі мен реакцияның баяулауы жолдағы кез келген күтпеген жағдайды қауіпті етеді. Жүргізушінің жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушыларға да ауыр зардап әкелуі де ықтимал.
Сот істі қарау барысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы, бейнематериалдарды және медициналық куәландыру қорытындысын зерттеді. Медициналық тексеру жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Осы дәлелдер негізінде оның әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша сараланды. Сот қаулысымен жүргізуші кінәлі деп танылып, 15 тәулік әкімшілік қамаққа алу және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Қаулыны орындау аудандық полиция басқармасына жүктелді.
Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда алкогольдік масаң күйде көлік басқару салдарынан болатын жол-көлік оқиғалары қоғамды алаңдатып отыр. Ішімдік ішіп рөлге отыру – адам өміріне төнетін үлкен қауіп. Мұндай жауапсыздықтың салдары орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан әр жүргізуші жолға шығар алдында өз жауапкершілігін сезініп, алкоголь тұтынған жағдайда көлік басқарудан бас тартуы тиіс. Алкогольдің ағзадан шығу уақыты ішілген мөлшерге және адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты. Өзін сергек сезіну де оның әсері толық жойылғанын дәлелдемейді. Жолда әр жүргізуші өз өмірі үшін ғана емес, өзге адамдардың қауіпсіздігі үшін де жауап береді.
Сот жол қозғалысына қатысушыларды Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өзге де қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға жол бермеуді ескертеді.




