Жаңа Қаратон кенті әкімінің аппараты ғимаратында жергілікті тұрғындарға арналған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Маңызды іс-шараға кенттің 22 тұрғыны қатысып, өздерін мазалаған өзекті сұрақтарына тікелей әрі тұшымды жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуды көздеген шараға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдері мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының білікті мамандары арнайы қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызметтерді электронды форматта, яғни үйден шықпай-ақ алу мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіру және көрсетілетін қызметтердің халыққа қолжетімділігін барынша қамтамасыз ету болды.
Жәрмеңке барысында жауапты сала өкілдері құжаттандыру, әлеуметтік көмек, зейнетақы және өзге де маңызды бағыттар бойынша құқықтық кеңестер беріп, электронды қызметтерді қолдану жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Тұрғындар өз кезегінде қажетті ақпараттармен қанығып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, мамандар тұрғындарға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған Әлеуметтік қызметтер порталының (aleumet.egov.kz) жұмысын да егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген бұл платформа мүгедектігі бар жандарға оңалтудың техникалық құралдары (ОТҚ) мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні порталда 607 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1022 ОТҚ жеткізушісі, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 785 ымдау тілі және 132 санаторий-курорттық емдеу қызметтерін жеткізушілер тіркелген.
Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) растау арқылы жүзеге асырылады. Ал тапсырыс берілген техникалық оңалту құралдарын (протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдар мен кресло-арбаларды) жеткізу немесе алып кету арқылы алуға болады.
Порталды енгізу оңалту құралдарына тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақытылы көмек көрсетуді қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік пен ашықтықты арттырды.
Әлеуметтік қызметтер порталымен жұмыс істеу жөніндегі пайдаланушылардың нұсқауларын egov.kz сілтемесі арқылы алуға болады. Қызмет алушылар порталды өз бетінше кент әкімі аппараты ғимаратында орналасқан «өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» арқылы немесе Жаңа Қаратон кенті әкімі аппараты қызметкерлерінің көмегіне жүгіне отырып пайдалана алады. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс нығая түсері анық.
Ж.Әбдікәрімова




