Қарашада Қазақстанда әйелдерге арналған ипотеканың жаңа кезеңі басталады

3 қарашадан бастап Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңі басталады.

 

Бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуға ниетті әйелдер арнайы шарттармен несие рәсімдей алады, деп хабарлайды AtyrauPress.

 

Бұл туралы Отбасы банкінің ақпаратында айтылған.

 

Бағдарламаны Отбасы банкі жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты – әйелдердің баспаналы болуына жағдай жасап, тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін кеңейту.

 

Ипотекалық бағдарламаның екінші кезеңіне 20 миллиард теңге бөлінген. Оның аясында 50 миллион теңгеге дейін тұрғын үй несиесін рәсімдеу қарастырылған.

 

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,8 пайыз, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3–16,8 пайыз аралығында.

 

Бастапқы жарна Астана мен Алматы қалаларында тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын, ал өзге өңірлерде 15 пайызын құрайды.

 

Бағдарламаға қатысушы әйелдің отбасының орташа айлық таза табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауы тиіс. Сонымен қатар кейінгі алты айдағы ресми табысын растау талап етіледі.

 

Бағдарламаның бір ерекшелігі – қатысушының атында өзге тұрғын үйдің болуына шектеу қойылмайды. Сондай-ақ тіркелген өңіріне қарамастан ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.

 

Өтініштер Отбасы банкінің бөлімшелері арқылы және онлайн қабылданады.

 

Айта кетейік, бағдарламаның алғашқы кезеңіне 9 миллиард теңге бөлініп, 420 әйел баспаналы болған.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT