«Әйелмен әлем әдемі»

Көктем – жаңару мен жылулықтың, нәзіктік пен мейірімнің мезгілі. Табиғат түлеп, көңілдерге шуақ ұялаған осынау көркем шақта адамзат баласына өмір сыйлаған аяулы аналар мен нәзік жандарға құрмет көрсету – игі дәстүр. Осы орайда «Кең Жылыой» мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйелмен әлем әдемі» атты салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды. Аналар мен аруларға арналған бұл кеш көрерменге ерекше әсер сыйлап, жүректерге жылулық ұялатты.

Сахна мерекелік сәнмен безендіріліп, әуезді музыка әуелеп, көрермендерді әсерлі көңіл-күйге бөлеген сәтте мерекелік кештің шымылдығы поэзиялық композициямен ашылды. Сахна төрінде қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Әйелдердің мерекесі екен ғой!» атты жүрек тебірентер өлеңі оқылды. Поэзия арқылы әйел затына деген құрмет пен сүйіспеншілік ерекше әсерлі жеткізіліп, залдағы көрерменнің көңілін толқытты.Одан кейін сахна төрін «Жем аруы» халықтық би ансамблінің орындауындағы «Жылыой аруы» биі жандандырды. Ұлттық нақышқа толы әсем би қимылдары мен көркем сахналық көрініс кештің көркін ашып, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

Жүргізушілер әйел-ананың қоғамдағы орны, отбасы мен ұлт тәрбиесіндегі рөлі жайлы әсерлі ойлар айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйел қауымына қатысты айтқан тағылымды сөздерін де тілге тиек етті. Расында да, ана – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесі, мейірім мен махаббаттың мәңгілік қайнар көзі. Ана жүрегінен бастау алған жылылық адам өміріне жарық сыйлап, қоғамның ізгілікке бет алуына ықпал етеді. 

Кеш барысында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов сахнаға көтеріліп, аудан тұрғындарын, әсіресе аналар мен аруларды мерекемен құттықтады. Салтанатты сәтте ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар нәзік жандарға алғыс хаттар табысталды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген, түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген аналар мен арулардың еңбегі ерекше құрметке ие болды. Бұл көрініс залдағы көрермендерге үлкен әсер қалдырды. 

Әсем ән мен жарасымды би кештің сәнін арттыра түсті. Сахна төрінде орындалған «Қызымын елдің» әні ананың мейірімі мен қыз балаға деген үмітін нәзік жеткізсе, күй әлемінің жауһары Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар «Би-Би» би ансамблі ұсынған «Якут биі» мен халық әні «Он алты қыз» кешке ұлттық бояу мен көркемдік рең сыйлады.

 Кештің көркін қыздыра түскен ерекше сәттердің бірі Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Дана Кентайдың өнер көрсетуі болды. Әншінің жүрекке жылы тиетін әсем әндері көрермендердің ықыласына бөленіп, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.Кеш соңында «Ана туралы әндерден композиция» орындалып, сахнаға барлық өнерпаздар шықты. Сол сәтте кішкентай бүлдіршіндердің аналар мен әжелерге гүл шоқтарын табыстауы кештің ең әсерлі көріністерінің бірі болды. Бұл - анаға деген құрметтің, мейірім мен алғыстың символындай әсер қалдырды.

«Әйелмен әлем әдемі» атты мерекелік кеш әйел-ананың қоғамдағы қадір-қасиетін дәріптеген, аналарға деген алғыс пен құрметті айшықтаған тағылымды шараға айналды. Көктемнің шуақты мерекесінде аналардың жүзінен қуаныш нұры төгіліп, көрермен жүрегіне жылылық ұялатқан бұл кеш ұзақ уақыт есте қалары сөзсіз. 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT