Таяуда аудандық Отбасын қолдау орталығында «Әйелге құрмет – қоғамға міндет» тақырыбында мотивациялық кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, өмірлік қиындықтарға тап болған әйелдерге әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, олардың өз күшіне және мүмкіндіктеріне деген сенімін арттыру, сондай-ақ тұлғалық дамуына бағыт-бағдар беру.
Кездесуге орталыққа әртүрлі әлеуметтік мәселелер бойынша жүгінген азаматшалар және орталық қызметкерлері қатысты. Арнайы қонақ ретінде аудандық мәслихат депутаты, қоғам белсендісі Сымбат Қабдрахманова шақырылды.
Алғашқы сөз кезегі Отбасын қолдау орталығының басшысы Жанар Қазиеваға берілді. Ол әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, қиын жағдайға тап болған азаматшаларға жан-жақты қолдау көрсету бағытында орталық тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Сонымен қатар әйел адамның қандай жағдай болмасын өзіне деген сенімін жоғалтпай, алға қойған мақсатына ұмтылуы, қажет жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуден тартынбауы маңызды екендігі атап өтілді.
Кездесудің негізгі бөлімінде С.Қабдрахманова әйелдің қоғамдағы орны, отбасы құндылықтары, өзін-өзі дамыту, қоғамдық белсенділік және өмірлік қиындықтарды еңсеру жолдары жөнінде мотивациялық әңгіме өрбітті.
Спикер әйел адамның өз мүмкіндіктерін бағалай білуі, білім алуға және үнемі дамуға ұмтылуы, өз пікірін еркін жеткізе алуы және қоғам өміріне белсенді араласуы маңызды екенін атап өтті. Кез келген мәселеден шығудың жолын іздеу, сабыр сақтап, өзіне деген сенімді жоғалтпау қажеттігін жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Еркін форматта өткен пікір алмасу қатысушыларға өз ойларын ашық жеткізуге, көкейдегі сұрақтарына жауап алуға және бір-біріне қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ әйелдердің өз құқықтарын білуі, отбасындағы өзара сыйластықты қалыптастыру, қиын жағдайда психологиялық қолдау алу, жеке тұлғалық дамуға көңіл бөлу және қоғамдағы белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды. Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылар спикерге әйелдердің қоғамдағы белсенділігі, отбасылық қарым-қатынас, жеке даму, өмірлік қиындықтарды еңсеру және өзіне деген сенімді арттыру турасында сұрақтар қойды. Сымбат Едігеқызы қойылған сұрақтарға өз тәжірибесі негізінде мазмұнды жауаптар беріп, пайдалы кеңестермен бөлісті.
Іс-шара нәтижесінде қатысушылар әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі, тұлғалық даму мен қоғамдық белсенділіктің маңыздылығы жөнінде пайдалы ақпарат алды. Сонымен қатар орталық тарапынан көрсетілетін әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау түрлері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу қатысушылар үшін тек мотивациялық бағыттағы басқосу ғана емес, өзекті мәселелерді ортаға салып, пікір бөлісіп, рухани қолдау алуға мүмкіндік берген алаңға айналды. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар кездесуге арнайы келген спикер, барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.
Әйелге құрмет көрсету – отбасындағы татулықтың, ұрпақ тәрбиесінің және қоғамдағы өзара сыйластықтың маңызды негіздерінің бірі. Осындай мазмұнды кездесулер әйелдердің өз күшіне деген сенімін арттырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және өмірлік қиындықтарды еңсеруіне оң ықпал етеді.
Ж.Әбдікәрімова



