Бүгінгі қоғамда адамгершілік пен мейірімділіктің өлшемі іспен көрінеді. Мұқтажға қолұшын созып, жанашырлық таныту – халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі. Осындай ізгі құндылықтарды ту еткен кезекті игі шара Жылыой аудандық мешітінде өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен өткен бұл акция аясында аудандағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға шынайы қуаныш сыйлады.
Аталған шара барысында ауданда тұратын әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі жандары бар 20 отбасына ірі қара малдың еті мен күнделікті тұрмысқа ең қажетті азық-түлік өнімдері салынған себеттер үлестірілді. Бұл қадам тек материалдық көмек қана емес, сонымен бірге қоғамдағы өзара бауырмалдық пен жанашырлықты арттыруды көздейді. Іс-шараның маңыздылығына тоқталған Жылыой аудандық мешітінің бас имамы Д.Балықшиев сауапты іске ұйытқы болған жомарт жандарға өз алғысын жеткізді:
- Жанашырлық – адамдықтың белгісі. Қасиетті дініміз де, ата-бабамыз қалдырған салт-дәстүр де әрқашан айналаға жақсылық жасауды, мұқтаждардың мұңын бөлісуді бұйырады. Бүгінгі таңда ел басына түскен түрлі сынақтар кезінде де, күнделікті өмірде де бір-бірімізге демеу болу – ортақ міндетіміз. Осындай қайырымдылық шараларына үлес қосып, мұқтаж жандардың алғысы мен ақ батасын алып жүрген барша бауырларымызға, жомарт азаматтарға алғысымызды білдіреміз,-деді Думан Мұратұлы.
Көмек алған отбасылар да өз кезегінде қиын сәтте жалғыз қалдырмай, үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан қор өкілдері мен мешіт ұжымына шынайы ризашылықтарын білдірді. «Осындай қамқорлықты сезінгенде, қоғамда мейірімді жандардың көп екеніне қуанасың», – деді көпбалалы аналардың бірі.
Айта кету керек, «Зекет және қайырымдылық» қоры ауданда бұған дейін де көптеген ауқымды акцияларды жүзеге асырып келген және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Жақсылықтың ертеңі – нұрлы. Ізгіліктің бастауы болған мұндай шаралар ел бірлігін нығайта түсері сөзсіз.
Өз тілшіміз



