Өңірдің дамуына оң серпін

Ауданда көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған байланысты аудандық мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының VІІІ отырысы өтіп, күн тәртібінде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жан-жақты қаралды. Сондай-ақ дәл осы күні өткен VІІІ шақырылған аудандық мәслихаттың бюджет, қаржы, экономика және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиын барысында жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту, кәсіпкерлікті дамыту, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және мәдениет саласының қызметі жан-жақты талқыланды.

Тұрақты комиссия отырысында алғаш болып аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Д.Берденов баяндама жасап, өңірдегі дайындық жұмыстарының барысын кеңінен таныстырды. Оның айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су шаруашылығы нысандары мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізілген. Нәтижесінде елді мекендерді көктемгі тасқын судан қорғау бойынша арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, аудан әкімімен бекітілген. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, дайындық жұмыстары да жүйелі түрде қолға алынған. Бүгінде ауданымызда су басу қаупі жоғары аймаққа Құлсары қаласынан бөлек, Жем ауылдық округі мен Қара-Арна ауылдық округі кіреді. Сондықтан бұл жерлерде қазір дайындық жұмыстары күшейіп, қажетті құралдар қоры толықтырылуда. Бұл туралы толығырақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысы Дәурен Берденов:

- Қазіргі таңда Қара-Арна ауылдық округінде 9 көше, атап айтсам, Қ.Қайсенов, Бопай ханым, Жаршық, Иманқара, Ж.Тасқарин, Жаңа жол, Аралбай батыр, Ақтайлақ, Досының ағы сынды 9 көше су басу қаупі жоғары аймаққа жатады. Мұндағы тұрғындар саны – 168, ал тұрғын үй саны – 42. Ауылдық округтегі қаптар мен құрал-саймандар қорына келетін болсақ, ауылда 300 дана қап пен 32 дана күрек, 50 төсек-орын мен кереует білім беру ұйымында сақтаулы. Бұдан бөлек 100 тонна инертті материал, 3 дана мотопомпа, жалпы саны 2 дана құлақтандыру жүйесі, оның ішінде Вестник-1 дана, Марс-Арсенал-1 дана және 10 палатка дайын тұр. Ал Жем ауылдық округінде 3 көшені су басу қаупі бар. Олар: Бейбітшілік, Бәйтерек және Ғ.Мұстафин көшелері, мұндағы тұрғын үй саны – 36, ал тұрғындар саны – 124. Ауылдағы қаптар мен құрал-саймандардың қорында 5000 дана қап, 26 дана күрек, 80 төсек-орын мен кереует бар. Олар ауыл ішіндегі білім беру ұйымында сақталған. Бұдан бөлек 100 тонна инертті материал, 2 дана мотопомпа, 1 дана құлақтандыру жүйесі бар. Көшіру пункті - №4 М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп болып жоспарланып отыр,-дейді өз сөзінде.

Иә, қазіргі таңда ауданымызда құлақтандыру жүйесіне ерекше көңіл бөлінген. Елді мекендердің басым бөлігін қамтитын бірнеше қондырғы орнатылып, олардың барлығы тексерістен өткізілген. Бұдан бөлек ақпан айында республикалық деңгейде командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізіліп, азаматтық қорғау қызметтерінің іс-қимылдары пысықталған. Бұл шара барысында күш-құралдардың дайындығы тексеріліп, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер жан-жақты сараланған. Бүгінде аудан көлемінде 14 құлақтандыру қондырғылары орнатылған. Ол ауданды 80 пайызға қамтиды деп көзделіп отыр. Өткен су тасқыны кезеңінен кейін де ауданда ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Жем өзенінің арнасын реттеу, су ағынын басқару және жағалауларды бекіту мақсатында арнайы жобалар жүзеге асырылған. Бұл жұмыстар «Қазгипроводхоз» институтының сүйемелдеуімен жүргізіліп, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Жылыой географиялық тұрғыдан су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың бірі саналады. Өйткені аудан аумағынан өтетін Жем өзені көктем мезгілінде арнасынан асып, елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты өзен арнасын тереңдету, түбін тазарту және жағалауын бекіту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар Құрсай және Құр-Жем арналары бойында да жүзеге асырылып, бүгінгі таңда толықтай дерлік аяқталған. Бұл туралы бөлім басшысы нақтырақ айтып:

- Қазіргі таңда Атырау облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен «Сап-Ин-Вэст» ЖШС Жем өзені мен Құрсай өзектерінің түп тереңдету және жаға бекіту жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша түп тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы 95,3 шақырым құрайды. Оның ішінде Құрсай каналы – 38,1 шақырымды, Құр-Жем – 9 шақырым, ал Жем өзені 48,1 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнге дейін бұл жұмыстардың 101,1 пайызы орындалған, яғни 96,40 шақырым құрайтын түп тереңдету жұмысы артығымен аяқталды. Бұдан бөлек ауданда 68,6 шақырым болатын бөгеттерді нығайту жұмыстары жоспарланған еді. Оның ішінде Құлсары қаласы – 41,6 шақырым, Ақкиізтоғай ауылы – 5,3 шақырым, Тұрғызба ауылы – 12 шақырым, Шоқпартоғай ауылы – 6,2 шақырым, подстанциялармен қауымдарды қорғау бөгеті 3,3 шақырымды құраған. Қазір бұл жұмыстардың 79 пайызы орындалды. Десек те су тасқынына қарсы бөгеттерге қадағалау жұмыстары күнделікті жалғасып, Бақашы және Қарағай елді мекені маңында, сондай-ақ Сарқырауықтың тұсында гидротехникалық қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуде,-дейді ол. 

Көктемгі тасқынның алдын алу жұмысы аясында жұмылдырылатын күштер мен құралдар да толық дайын. Құтқару техникалары, мотопомпалар, генераторлар, арнайы қайықтар, байланыс құралдары, сондай-ақ қорғанысқа қажетті қаптар мен өзге де жабдықтар жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қосымша құралдар алынған. Ал аудандағы қажетті құрал-саймандар қорында 3 палатка, 10 ағаш үй, 2 өрт сөндір машинасы, 30 мотопомпа, 20 генератор, 3 электрогенератор, 200 өрт сөндіру қондырғысы, 10 үрмелі қайық, 23 рация, 1000 күрек, 400 000 қапшық бар. Жиынға қатысушы комиссия мүшелері дайындық жұмыстарының барысын талқылап, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, алдын алу шараларын күшейту, жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігін бірінші орынға қою қажеттігі атап өтілді. 

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру маңызды 

Ал VІІІ шақырылған аудандық мәслихаттың бюджет, қаржы, экономика және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында алғашқы болып аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өткен жылғы атқарған жұмыстары сараланды. Баяндамашының айтуынша, басқарма тарапынан бюджет кірісін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген. Салық төлеушілерге сапалы қызмет көрсету мен түсіндіру шараларының нәтижесінде жергілікті бюджет түсімі жоспардан асыра орындалған. Әсіресе ірі кәсіпорындардан түсетін салық үлесі айтарлықтай жоғары екені атап өтілді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Майкөмген ауылдық округіндегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайы болды. Баяндамадан белгілі болғандай, ауылда кәсіпкерлік саласы біртіндеп дамып келеді. Қазіргі таңда округ аумағында бірқатар кәсіпкерлік нысандары жұмыс істеп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қосуда. Мұнда ауыл тұрғындары негізінен сауда, қызмет көрсету және мал шаруашылығы бағытында еңбек етуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған азаматтар да бар. 

Үшінші мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары. Аудан бойынша азық-түлік дүкендері мен супермаркеттерде бағаны негізсіз өсірмеу бағытында тұрақты бақылау жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстарға «Amanat» партиясы аудандық филиалының өкілдері де белсенді қатысуда. Мониторинг нәтижесінде бағаның шекті мөлшерден асуы тіркелмеген. Дегенмен кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, заң талаптары ескертілуде. Сонымен қатар арнайы меморандумдар жасалып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру бойынша келісімдерге қол жеткізілген. Күн тәртібіндегі кезекті мәселе «Кең Жылыой» аудандық мәдениет үйінің қызметіне арналды. Есепті кезеңде мәдениет үйі ауқымды жұмыстар атқарып, көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырған. Түрлі деңгейдегі мерекелік кештер, байқаулар мен фестивальдер өткізіліп, мыңдаған көрермен қамтылған. Мәдениет саласын дамытуға бөлінген қаражат есебінен материалдық-техникалық база нығайтылып, мәдени нысандар жаңғыртылған. Сонымен қатар аудан өнерпаздары республикалық және облыстық байқауларға қатысып, жоғары нәтижелер көрсеткен. Жиын барысында мәдениет үйінің қаржылық есебі мен іссапар шығындары да талқыланып, қаражаттың мақсатты жұмсалуы назарға алынды. Депутаттар мәдениет саласының аудан өміріндегі маңызын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру қажеттігін жеткізді. 

Комиссия отырысында қаралған барлық мәселелер ауданның экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуына бағытталғаны анық. Ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңірдің дамуына оң серпін береді деп сенеміз. 

Д.Ізбасарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT