Апта басында облыс әкімі аппаратының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында ауданымыздың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттері жөнінде брифинг конференция өтті. Маңызды жиынға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қатысып, ол ауданның инфрақұрылым, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді. Одан бөлек БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, жылыойлықтар үшін өзекті тақырыпқа айналған мәселелерге нақты ойын білдірді.
Алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына тоқталған аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы сөз басында Жылыой жері туралы қысқаша тоқталып өтіп, бүгінде мұндағы халық санының 84 000-ға жуықтағанын жеткізді. Теңіз кен орнының игеру орталығы болып саналатын құтты мекенде Мұнай-газ өндіру басқармасы, Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы, сондай-ақ Мұнай айдау стансасы жұмыс істейтінін тілге тиек етіп, әрі қарай ауданның өнеркәсібі жөнінде баяндады. Атап айтсақ, ауданда өнеркәсіп бағытында үлкен өзгерістер болғанын жеткізіп:
- Бүгінде өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып отыр. 2025 жылдың есепті кезеңінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 127,8%-ға артты. Негізгі өсім мұнай-газ саласында қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, мұнай өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 136,7%-ға жетті. Ал газ өндіру көлемі 146,1%-ды пайызды құрады. Бұл ретте өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 134,6%-ды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда өскенін көрсетті. Жалпы алғанда, ауданның өнеркәсіп саласында тұрақты өсім байқалады және өндірістік әлеуеттің артуы қамтамасыз етілуде. Ауданның құрылысына келетін болсақ, есепті кезеңде аудан бойынша негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткішке ие болды. Яғни, нақты көлем индексі 78,8%-ды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 54,5% пайыз болған. Еске сала кететін жайт, 2025 жылы «Келешек кеңею» жобасының кезең-кезеңімен аяқталуы нәтижесінде жобаға салынған инвестиция көлемі азайып, көрсеткіш төмендеген еді. Ал 2024 жылы су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға «Болашақ» ықшам ауданынан 100 үй салынып, соған сәйкес әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуіне орай бұл жылы құрылыс жұмыстарының көлемі көбейді. Тұрғын үй құрылысы саласында есепті кезеңде 67 943 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, халық қаражаты есебінен 67 432 шаршы метр тұрғын үй салынды,-дейді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов.
Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, өңір инфрақұрылымын дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте ең ірі жобалардың бірі – Құлсары қаласындағы 1200 орындық жаңа мектеп құрылысы. Аталған нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, мектепті осы жылдың І тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі толығырақ айтып:
– Ауданда оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан жаңа білім беру нысандарын салу – уақыт талабы. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының жүктемесін азайту мақсатында бірқатар құрылыс жобалары қолға алынды. Атап айтқанда, Құлсары қаласында 300 орындық білім-инновациялық мектептің құрылысы басталып, оны биыл пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар «Игілік» бағдарламасы аясында Шоқпартоғай ауылында 280 орындық балабақша құрылысы басталды. Ал осы жылы аталған бағдарлама шеңберінде Майкөмген ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы қолға алынады,-деді брифинг отырысында.
Бұдан бөлек, есепті кезеңде аудан бойынша №1, №7, №9 және №22 жалпы орта білім беретін мектептерді заманауи талаптарға сай күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын жеткізіп, бұл жұмыстардың білім беру сапасын арттырып, оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік беретінін баса айтты. Иә, бұл ретте ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылдың желтоқсан айында ауданның бес мектебінде инклюзивті білім беру кабинеттері ашылып, ерекше қажеттілігі бар балаларға қолайлы жағдай жасалған еді. Аудан әкімі алдағы уақытта да білім беру саласын дамыту, жаңа нысандар салу және қолданыстағы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстардың тоқтап қалмай, керісінше, жүйелі түрде жалғаса беретінін жеткізді.
Брифинг барысында тұрғын үй мәселесі де кеңінен қозғалды. Әсіресе, қаламыздағы апатты деп танылған 89 көп қабатты тұрғын үйді көшіру мәселесі бүгінгі таңда өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы аудан әкімі мәлімдеп, аталған бағытта нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді. Қазіргі таңда бұл мәселені шешу мақсатында 2025-2029 жылдарға арналған арнайы Жол картасы бекітілген. Құжат аясында апатты үйлердің тұрғындарын қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жұмыстар бюджет қаражатының бөлінуіне сәйкес жүргізілетін болады. Айта кету керек, тұрғын үй қорын жаңарту бағытында бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда. 2023 жылы «NCOC» АҚ демеушілігімен 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы Құлсары қаласында 30-ға жуық тұрғын үй салынып, оларды тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «SDN» құрылыс компаниясы тарапынан көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Нысан аяқталған соң 100-ге жуық пәтерді сатып алу көзделіп отыр.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері аудан үшін өзекті саналатын бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, журналистер медицина саласындағы мамандар тапшылығы жөнінде сауал жолдап, аудандық аурухана мен емханадағы дәрігерлердің жетіспеушілігі халықты алаңдатып отырғанын жеткізді. Денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы жөнінде жауап берген аудан әкімі өз сөзінде мамандардың толықтырылып жатқанын, сондай-ақ дәрігерлердің өткен жылмен салыстырғанда көбейгенін баяндады. Одан бөлек, ауданға қарасты Майкөмген ауылындағы өзекті тақырыпқа айналған термит мәселесі де сөз болып, ауыл тұрғындарын алаңдатқан бұл жағдайға байланысты аудан басшысы тиісті сала мамандарымен бірлесіп зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
Ашық форматта өткен брифинг билік пен бұқара арасындағы кері байланысты нығайтып, аудан өміріндегі маңызды мәселелер көпшілік талқысына салынды. Жиында жылыойлықтар көкейтесті сауалдарына нақты жауап алды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



