Атырау қаласында 18-35 жас аралығындағы 2 300 жас Отбасылық цифрлық картаға енгізілген.
Жастардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету және NEET санатындағы жастар санын азайту мақсатында жыл басынан бері екі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
– Жастардың ішінде 421-і 18-20 жас аралығында. Орталық мамандары жастардың қажеттіліктерін анықтап, оларды жұмысқа орналасу және кәсіби бағыт бойынша қолдауға бағытталған жұмыстар жүргізуде, - деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаева.
Сонымен қатар «Базар жастары» жобасы аясында қаладағы 7 базарда сауалнама жүргізіліп, оған 100-ге жуық жас қатысты.
Сауалнама нәтижесіне қарай жастардың қызығушылығы мен қажеттілігіне сай түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Дина базарында жас тігіншілер арасында «Шебер қол» байқауы және телефон жөндеу бойынша «Jas Techno» сайысы, Аламан базарында «Аламан сайыс», Көктем базарында «Тұлға бол» көшпелі кеңес беру жәрмеңкесі өткізілді. Жоба аясындағы іс-шараларға 50-ге жуық жас қатысты.



