Инвесторлар сенімі – басты басымдық

Атырау облысында экономикалық өсімге серпін беретін және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған жаңа бастамалар айқындалып, нақты бағыттар қалыптасты. Бұл мәселе облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың төрағалығымен өткен кәсіпкерлік және инвестициялық қызмет саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде жан-жақты талқыланды.

Бүгінде инвестиция тарту – өңірдің тұрақты дамуының, жаңа жұмыс орындарының ашылуының және халықтың әл-ауқатының жақсаруының басты тетігі. Осы тұрғыда прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған қызметі ерекше маңызға ие. Мәжілісте дәл осы қағидат,яғни инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін мүлтіксіз сақтау негізгі басымдық ретінде белгіленді.

Алқа мәжілісінің кеңейтілген форматы қарастырылған мәселелердің өзектілігі мен ауқымдылығын айқын көрсетті. Жиынға жергілікті атқарушы орган басшылығы, бақылау-қадағалау және уәкілетті ведомстволардың жетекшілері, құқық қорғау құрылымдары мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар 50-ден астам бизнес субъектісінің қатысуы кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін ашық әрі тікелей жеткізуге мүмкіндік берді. Онда прокурорлық тексерістердің нәтижелері ұсынылып, мемлекеттік органдар қызметіндегі бірқатар жүйелі кемшіліктер ашық айтылды. Атап айтқанда, әкімшілік рәсімдердің күрделілігі, шешім қабылдаудағы созбалаңдық және кей жағдайларда кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласу фактілері өңірдің инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізетіні атап өтілді. Осы мәселелерді жою – бүгінгі күннің басты талабы.

Жиын барысында бизнес-климатты жақсарту шараларының тиімділігі сөз болды. Инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды құқықтық орта қалыптастыру – кез келген өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Бұл ретте мемлекеттік органдардың жедел әрі үйлесімді әрекеті, ашықтық пен есептілік қағидаттарын сақтау аса маңызды. Облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев өз сөзінде инвесторлардың құқықтарын қорғау тек бір ведомствоның емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті. Айтып өткеніндей, прокуратураның рөлі – заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ете отырып, құқықтық кеңістік пен бизнестің нақты қажеттіліктері арасындағы тиімді байланысты қалыптастыру.

Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүйесі бекітілді. Оның негізгі бағыттарының бірі – инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу. Яғни, ендігі жерде жекелеген мәселелерді шешумен шектелмей, әрбір инвестициялық жобаға жүйелі құқықтық қолдау көрсету, оларды толық іске асқанға дейін сүйемелдеу көзделіп отыр. Бұл инвесторлардың сенімін арттырып, жобалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді.

Ал, екінші бағыт – әкімшілік кедергілерді азайту. Кәсіпкерлердің қызметіне артық қысым көрсетуге, негізсіз тексерулер мен араласуға жол бермеу – инвестициялық ахуалды жақсартудың басты шарттарының бірі. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыру және рәсімдерді жеңілдету бағытында нақты шаралар қабылданбақ.

Үшінші маңызды бағыт – жедел әрекет ету тетіктерін дамыту. Инвесторлардың құқықтары бұзылған жағдайда жедел әрі тиімді жауап беру, туындаған мәселелерді уақытылы шешу – инвестициялардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Бұл бағыттағы жұмыстар инвесторлар үшін сенімді әрі тұрақты орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Атырау өңірінде қабылданған бұл бастамалар инвестициялық саясатты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара сенім мен серіктестікті нығайту, құқықтық кепілдіктерді күшейту және әкімшілік кедергілерді жою өңірдің экономикалық әлеуетін толық іске асыруға жол ашады.

Бұл қадамдар жалпы ел экономикасының дамуына оң серпін беретіні анық. Инвестициялық тартымдылықты арттыру – ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысты талап ететін күрделі үдеріс. Ал бүгінгі таңда қабылданып жатқан нақты шешімдер осы бағыттағы берік негіздің қаланып жатқанын көрсетеді.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ,

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT