Балалар ойын алаңы, көше жарық шамдары, аялдама мен жол сапасы бұл VIII аудандық мәслихаттың кезектен тыс 44-сессиясында кеңінен талқыланған негізгі мәселелердің бірі болды. Жиын барысында депутаттар тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды ортаға салып, аудандағы өзекті мәселелерді көтерді.
Сессияда аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев модераторлық етіп, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланұлы мен қала әкімінің орынбасары, сондай-ақ бөлім басшылары мен 14 депутат қатысты. Олар тұрғындардың талап-тілектерін жеткізіп қана қоймай, жауапты мекеме өкілдерінен нақты жауап пен шешім жолдарын сұрады. Сәйкесінше, бөлім басшылары көтерілген мәселелерге жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бағытындағы өзгерістер болды. Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Орынбасарқызы баяндама жасап, Мемлекет басшысының 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер мен Үкімет қаулысында көзделген өзгерістерге кеңінен тоқталды. Баяндамада халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін көмекті жүйелеу уақыт талабы екені айтылып, осы бағытта ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 31 наурыздағы №202 қаулысы қабылданғаны атап өтілді. Құжатқа сәйкес, бірнеше негіз болған жағдайда мереке және атаулы күндерге арналған әлеуметтік көмек негіздердің бірі бойынша тағайындалады. Осыған орай аудандық мәслихат шешіміндегі 30 тамыз – Конституция күні мен 25 қазан – Республика күніне қарастырылған әлеуметтік көмектер біріктірілмек. Нәтижесінде жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар мен жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектігі бар балаларға 27 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 116 775 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік көмек 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында төленеді. Бұл қолдау шарасы аясында 570 баланы қамту жоспарлануда. Сонымен қатар аталған балалар санатынан өзге барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға Конституция күні мен Республика күніне берілетін төлемдер біріктіріліп, 20 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі, яғни 86 500 теңге мөлшеріндегі көмек Республика күні қарсаңында ұсынылмақ. Бұл бастама аясында 2323 азаматқа әлеуметтік қолдау көрсету көзделіп отыр.
Жиында сондай-ақ әлеуметтік көмекке қатысты түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізіліп келе жатқаны да айтылды. Оған жыл басында аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Қазақ соқырлар қоғамы» мүшелерінің бұған дейінгі кездесулерле көтерген мәселелерінің шешімін тапқаны дәлел. Басқосуда аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 16 қаңтардағы округтік сайлау комиссиялары мүшелерін сайлау туралы және 2023 жылғы 27 желтоқсандағы аумақтық әрі учаскелік сайлау комиссияларының құрамын бекіту туралы шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Бұл жөнінде аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Салтанат Төрешқызы баяндама жасады. Депутаттар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, аталған өзгерістерді қолдап, тиісті шешімдер қабылдады. Төртінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Анар Жұмақызы хабарлама жасады. Ол ауданның жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекітуге қатысты аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 18 қыркүйектегі №36-6 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде ақпарат берді. Жиын барысында қатысушылар ұсынылған құжаттармен мұқият танысып, кейбір тұстарын нақтылау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ақпаратты толықтырып, кемшіліктерді түзету керектігін еске салды.
Сессия отырысы арқылы көпшілікті толғандырған мәселелердің шешімін іздеуге тырысқан депутаттар тұрғындардың арыз-шағымдарына қатысты бірқатар өзекті жайтты көтеріп, жауапты мамандарға сауалдарын жолдады. Солардың бірі депутат Ерлан Асылбекұлы аудан аумағында салынып жатқан жол мәселесіне тоқталып, 8 учаскеде орналасқан бұрынғы архив ғимаратының, яғни қарттар үйі болған нысанның бүгінде бұзылып, орны бос тұрғанын атап өтті. Бұдан бөлек, ол екі жылдан бері көтеріліп келе жатқан СЭС маңындағы балалар ойын алаңының қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, алаңның тозығы жетіп, мүлде жарамсыз күйге түсу алдында тұрғаны тұрғындар наразылығын тудырып отыр. Осыған байланысты депутат аталған нысанның қашан жаңартылатынын сұрады. Бұл сауалға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланұлы жауап беріп, аталған мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Бұл туралы ол:
– Бізде «Халық қатысатын бюджет» жобасы бар. Осы бағыт аясында әуежай аумағында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі жариялануы тиіс. Соған сәйкес бұл мәселені 2027 жылға жоспарлап отырмыз,- деді ол.
Сессия барысында көтерілген өзекті мәселелердің бірі – «Жадырасын» ықшам ауданындағы көше жарығының жайы болды. Тұрғындар тарапынан жарық шамдарының жеткіліксіздігі жиі айтылып келетіндіктен, депутаттар бұл мәселені жауапты мамандардың назарына ұсынды. Сонымен қатар жиын барысында аялдамалар мәселесі де кеңінен талқыланды. Халық сұранысына сәйкес, қала аумағында аялдама қажет ететін орындардың бар екені айтылды. Осыған байланысты депутаттар бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, жауапты мамандарға тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің назардан тыс қалмауын тапсырды. Сондай-ақ олар аялдамалардың сапасы мен тұрғындарға қолайлылығына ерекше мән беру керектігін баса айтты.
Жиын барысында жаяу жүргіншілер жолы мен балабақша және мектеп арасындағы үлкен бос алаңға қатысты да мәселе көтерілді. Өйткені бұл жерге балалар саябағы ия дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылатыны белгісіз. Депутаттар аталған жоба жоспарға енгізіліп немесе енгізілмейтінін нақтылауды талап етті. Бұдан бөлек сессияда қаралған тағы бір мәселе – СМП-615 шағын ауданындағы Ыбырай Алтынсарин көшесінің жай-күйі болды. Мұнда тас жолдың екінші қабатының жартысы ғана төселіп, қалған бөлігі аяқсыз қалғаны айтылды. Сондай-ақ №253 көше тұрғындары бірнеше жылдан бері жарық шамын орнату мәселесін көтеріп келе жатыр. Аталған аумақта аялдама орналасқандықтан, қыс мезгілінде немесе қараңғыда оқушылардың аялдамаға жетуі қиындық туғызатыны сөз болды. Осыған байланысты депутаттар бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырды. Ал аталған мәселе бойынша жауап берген аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Елемесұлы:
- СМП-615 шағын ауданындағы Ыбырай Алтынсарин көшесіне тас жол төсеу жұмыстары бойынша мердігер мекеме жұмыс жүргізгенін айтты. Алайда мердігер белгіленген мерзімде жұмысты толық аяқтамаған. Осыған байланысты мердігер мекемеге қатысты сот процесі жүргізілді. Соның салдарынан құрылыс жұмыстары аяқсыз қалып, уақытша тоқтап тұрды. Қазіргі таңда көшенің қалған бөлігіне жұмыс жүргізу үшін қайта конкурс жарияланатын болады. Мердігердің жұмысты уақытында аяқтамауына байланысты жоба ұзаққа созылып кетті. Дегенмен, биыл жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр. Ал жаяу жүргіншілер жолына қатысты жұмыстар қазіргі уақытта қарқынды жүргізіліп жатыр,-деді өз сөзінде.
Жиын барысында депутат Әлібек Аманжанұлы да тұрғындар тарапынан түскен бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Ол алдымен дене шынықтыру-сауықтыру нысанының әкімдік қарамағына қашан өтетіні жөнінде сауал қойды. Сонымен қатар аэропорт ықшам ауданы маңындағы карьер мәселесін де тілге тиек етті. Депутаттың айтуынша, карьердің жанында мектеп, балабақша және балалар ойын алаңы орналасқан. «Мұнда аптап ыстық күндері жағымсыз иіс шығып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады» дейді ол. Сондай-ақ кейбір көшелердегі жарық шамдарының жоқтығын айтып, Балуан Шолақ және Вахташылар ықшам ауданы көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолының сапасына қатысты тұрғындар шағымын жеткізді. Көтерілген мәселелерге аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланұлы жауап беріп:
– Аэропорт ықшам ауданындағы спорт алаңына қатысты жоба тоқтатылды, сатып алу жүзеге асқан жоқ. Ал карьер мәселесі бойынша аумақ топырақпен тегістеліп, жабылады. Сонымен қатар алдағы уақытта футбол, баскетбол және волейбол алаңдары салынады. Барлығы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, -деді өз сөзінде.
Сессия отырысының соңында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша аудандық мәслихаттың тиісті шешімдері қабылданды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген арыз-шағымдар мен ұсыныстар назарға алынып, аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытында жұмыстар жүргізілетіні айтылды.
А.Мейрамбайқызы



