Қала әкімі Қадыржан Адинов қала аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарын бақылау, абаттандыру ісінің барысын бағамдау және инфрақұрылым нысандарының жай-күйімен танысу мақсатында мониторинг жүргізді. Шаһар басшысы көшелердің санитарлық жағдайын, қоғамдық орындардың тазалығын, жаяу жүргіншілер жолдарының құрылыс сапасын және абаттандыру жұмыстарының орындалу барысын назарға алды. Тексеру нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Мониторинг барысында жол жиектерін ретке келтіру, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, қоғамдық орындардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстау мәселелері бойынша тиісті сала басшыларына міндеттер жүктелді. Сонымен қатар жеке тұрғын үй секторындағы тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әрбір меншік иесі өз үйіне іргелес бес метр аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті екені түсіндірілді. Қала әкімі тазалық талаптарын сақтау – әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті.
– Санитарлық талаптарды сақтамаған азаматтарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы аясында ескерту беріледі. Қоршаған ортаны таза ұстау, елді мекендердің көркін арттыру және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты әрі сапалы жүргізілуі қажет,-деді қала әкімі.
Бақылау кезінде жауапты бөлім басшылары мен мердігер ұйым өкілдері атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде есеп берді. Қала аумағындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының орындалу деңгейі жан-жақты сараланып, өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар Теміржолшылар ықшам ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің маңына заңсыз орнатылған қоршауларды жою және аумақты санитарлық талаптарға сәйкестендіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Одан әрі шаһар басшысы қаладағы бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Әсіресе құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше мән берген қала әкімі жауапты мекемелердің жұмысын жіті бақылауға алды.
Алдымен жастар саябағындағы абаттандыру жұмыстарының орындалу барысы мұқият қаралып, әрбір кезеңнің сапасына және жұмыс күшімен қамтамасыз етілуіне назар аударылды. Әкім мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмыстар белгіленген талаптарға сай әрі уақытында аяқталуы тиіс екенін қатаң ескертті. Сонымен қатар қала аумағындағы зираттарды қоршау жұмыстарының барысы да назардан тыс қалмады. Шаһар басшысы аталған нысандардағы құрылыс сапасын тексеріп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Тексеру барысында «Кең Жылыой» және «Атырау» ықшам аудандарында жүргізіліп жатқан көше жарығын орнату жұмыстары да бақылауға алынды. Қала әкімі орнатылып жатқан жарық шамдарының сапасына ерекше көңіл бөліп, олардың қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болуын тапсырды. Сондай-ақ 8 ауыл, 4 «А» және «Мұрагер» ықшам аудандарында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы да тексерілді. Жұмыстардың жоспарға сәйкес әрі сапалы орындалуын назарда ұстаған қала басшысы анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзетіп, барлық жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды жауапты сала мамандары мен мердігер ұйымдарға міндеттеді.
А.Мейрамбайқызы



