Аудан әкімі Ж.Қаражанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті билік пен бұқара арасындағы тікелей байланыс беки түсуде. Осы бағыттағы кезекті шара ретінде, жуырда аудан әкімі Ж.Қаражанов тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл жүздесу де ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстанған жергілікті басқару органының халықпен сындарлы диалогын нығайта түсті.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары тарапынан бірнеше маңызды және көптен бері қордаланған түйткілді тақырыптар көтерілді. Қабылдауға келген бұқараның арыз-шағымы тұрғын үймен қамту және заңды кезек реттілігінің сақталуы, кәсіп иелеріне тиесілі өтемақы төлемдерін рәсімдеу мәселелері, көшелерге заманауи жарықшамдар орнату, жолдарға асфальт төсеу және елді мекендерді табиғи газбен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру бағытында болды.
Аудан басшысы Ж.Қаражанов әрбір тұрғынның уәжін мұқият тыңдап, көтерілген әрбір мәселе бойынша қолданыстағы заңнама аясында егжей-тегжейлі және жан-жақты түсіндірме берді. Әкім халықпен кездесуде құрғақ уәде емес, құқықтық шеңбердегі нақты шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Сауалдардың бір бөлігі бойынша заң талаптары тікелей қабылдау үстінде түсіндіріліп, азаматтарға құқықтық кеңестер берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты сала басшылары мен бөлім меңгерушілеріне нақты міндеттер жүктеді. Көтерілген мәселелерді үстірт қарауға жол берілмейтінін ескерткен аудан басшысы, әрбір арызды жан-жақты зерделеп, заң талаптарына сай тиісті шараларды жедел қабылдауды тапсырды.
Шешімі уақыт алатын, қаржыландыруды немесе қосымша ведомствоаралық зерделеуді қажет ететін күрделі мәселелер арнайы бақылауға алынды. Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық өтініштердің заң шеңберінде және өз мерзімінде сапалы орындалу барысы аудан әкімінің жеке бақылауында болады.
Ж.Әбдікәрімова




