Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов «Теңізшевройл» ЖШС өкілдерімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды басқосу өткізді. Жиында «Игілік» бағдарламасының мән-маңызы жан-жақты талқыланып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалар кешені екені айқындалды. Кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелері кеңінен қозғалды.
Тараптар «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын әрбір жобаның жергілікті тұрғындардың сұранысына негізделуі тиіс екенін атап өтті. Бұл – бағдарламаның басты ерекшелігі әрі тиімділігінің кепілі. Өйткені халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін жобалар ғана нақты нәтиже береді. Мұндай серіктестік өңірдің тұрақты дамуына негіз болып, әлеуметтік мәселелерді шешуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Аудан басшысы өз сөзінде жүйелі диалогтың маңызын атап өтіп, алдағы уақытта осындай кездесулерді тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
Ай сайынғы басқосулар арқылы жобалардың іске асу барысы сараланып, туындаған мәселелер дер кезінде шешімін таппақ. Бұл өз кезегінде жаңа бастамалардың жүзеге асуына ықпал етеді. Ашық әрі тұрақты байланыс – тиімді басқарудың және табысты жобалардың басты шарты. «Игілік» бағдарламасы – аудан дамуына серпін беретін, халық игілігіне арналған бастама. Бірлік пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде бұл бастама өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қоспақ.
А.Талапкер



