Жуырда ауданымызда Talaptan Zhylyoi жобасы аясында жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіндіруге бағытталған мазмұнды кездесу өтті. Talaptan HUB жастар алаңындағы басқосуда «Адал азамат», «Заң және Тәртіп» және «Таза Қазақстан» тақырыптары қамтылып, жастар үшін маңызды мәселелер ашық диалог форматында талқыланды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында адалдық, заңға құрмет, тазалық мәдениеті және туған жерге деген жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру. Осыған байланысты алғашқы сөз «Адал азамат» тақырыбына арналды. Бұл ретте газетіміздің бас редакторы Әлібек Амандықов адалдықтың тек үлкен шешімдерден емес, адамның күнделікті іс-әрекетінен басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, өз сөзіне берік болу, уәдеге жауапкершілікпен қарау, өзгелермен шынайы қарым-қатынас орнату және қандай жағдайда да дұрыс әрекет жасау – адал азаматқа тән қасиеттер. Бұл туралы өзі:
Адам ең алдымен өзіне адал болуы керек. Өзіне адал болған адам сөзіне де, ісіне де жауап бере алады. Адал азамат болып қалыптасудың артында жүйе бар. Алдымен сөзіңді түзе, ол әдетке айналады, әдет мінезіңе айналады, ал мінез ол сенің – тағдырың,-дейді жиналғандарға ойымен бөлісіп.
Кездесуде жастардың қоғамдағы рөліне де ерекше назар аударылды. Қоғамның дамуы тек мемлекеттік құрылымдарға немесе белгілі бір ұйымдарға емес, әр азаматтың күнделікті әрекетіне байланысты екені айтылды. Осы тұрғыда адал еңбек ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, айналаға құрметпен қарау және өз ісіне жауапкершілікпен қарау маңызды екені сөз болды. Бұдан бөлек «Заң және Тәртіп» бағыты аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесі қозғалды. Спикер Мерей Ануарбеков заңды білу әр азамат үшін маңызды екенін айтып, адамның өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің негізі екенін жеткізді.
- Қазіргі таңда жастардың арасында тез әрі оңай ақша табуға қызығушылық болуы мүмкін. Алайда оңай көрінген ұсыныстың артында үлкен қауіп тұруы ықтимал. Біреудің өтінішімен банк картаңызды, шотыңызды немесе дербес есептік деректеріңізді пайдалануға беру арқылы сіз өзіңізді үлкен мәселеге әкелуіңіз мүмкін. Сондықтан кез келген қаржылық ұсынысты қабылдамас бұрын оның заңдылығына көз жеткізіп, өз деректеріңіздің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін естен шығармаңыз,-дейді спикер бұл жөнінде.
Іс-шара барысында құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі маңызы, заңға құрметпен қарау және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілік кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жастарға қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін қалыптастыру және туған жерге жанашырлық таныту жөнінде де ойлар айтылды. «Таза Қазақстан» бағыты аясында ауданымыздың жас кәсіпкерлерінің бірі Исламбек Әлмұханов экологиялық мәдениеттің әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Ол жастарға қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау және туған жердің тазалығына үлес қосу маңызын түсіндірді.
Кездесу тек пікір алмасумен шектелмей, жастардың өз мүмкіндіктерін кеңейтуіне де бағытталды. Жиын барысында жастарға арналған түрлі мүмкіндіктер мен гранттық бағдарламалар туралы ақпарат беріліп, олардың өз идеяларын жүзеге асыруына бағыт-бағдар көрсетілді. Бұл өз кезегінде жастардың белсенділігін арттырып, жаңа бастамаларға қадам жасауына мүмкіндік береді.
Д.ДЕРБІС




