Газбен қамту сапасы қандай?

«Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында жария есеп беру кездесуін өткізді. Жиын барысында кәсіпорынның есепті кезеңде атқарған жұмыстары, бекітілген тарифтік сметаның орындалуы, инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылу барысы, қаржылық-экономикалық көрсеткіштері, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Мекеме 2009 жылдан бері таратушы газ құбырлары арқылы табиғи газды тасымалдау қызметін жүзеге асырып келеді. Бүгінде серіктестік аудан тұрғындары мен кәсіпорындарын көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған бірден-бір газ таратушы ұйым болып табылады. Кәсіпорынның басты міндеті – табиғи газды қауіпсіз, сапалы әрі үздіксіз жеткізу арқылы тұтынушылардың сенімін ақтау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосу. Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының талаптарына сәйкес табиғи монополия субъектілері жыл сайын тұтынушылар алдында өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жария есеп береді. Жария есептің қорытындысында «Жылыойгаз» ЖШС директоры А.Мұхитов есепті кезеңде кәсіпорынның бекітілген тарифтік смета шеңберінде тұрақты жұмыс атқарғанын және негізгі өндірістік көрсеткіштердің орындалғанын атап өтті.

– Бірінші жартыжылдықта өндірістік шығындар 241,4 млн теңгені, кезең шығындары 32,8 млн теңгені құрады. Жалпы шығын көлемі 274,3 млн теңге болса, таза пайда 133,6 млн теңгеге жетті. Ал реттеліп көрсетілетін қызметтен түскен жалпы кіріс 407,8 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын сақтап, өндірістік қызметтің үздіксіз жүргізілгенін көрсетеді. Тарифтік сметада көзделген қаражат ең алдымен өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға, газ тарату желілерін күтіп ұстауға және жөндеу жұмыстарына бағытталды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, арнайы киімдер мен қорғаныс құралдарын сатып алу, өндірістік техникаларды пайдалану, газ тарату бекеттеріне техникалық қызмет көрсету, коммуналдық қызметтер мен әкімшілік шығындар толықтай бекітілген сметаға сәйкес қаржыландырылды. 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «Болашақ» ықшам ауданынан Ақкиізтоғай ауылына дейінгі газ құбырына диаметрі 225 миллиметр болатын орта қысымды полиэтилен газ құбырын сатып алу жоспарланған. Аталған жобаның жалпы құны 181,9 млн теңгені құрайды. Жұмыстардың орындалуы ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланғандықтан, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша инвестициялық қаражат игерілген жоқ. Бұл жоба болашақта газ желілерінің сенімділігін арттырып, тұтынушыларды сапалы газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын үшін қызмет сапасы мен қауіпсіздігі әрдайым басты назарда. Есепті кезең ішінде нормативтік техникалық газ ысырабы белгіленген 2,5 пайыз деңгейінде сақталды. Газ тасымалдау жүйесінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етіліп, апаттық жағдайлар тіркелген жоқ. Бұл кәсіпорынның өндірістік процестерді тиімді ұйымдастырып, газ құбырларын қауіпсіз пайдалануға ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында табиғи газды тасымалдаудың нақты көлемі 83,4 млн текше метрді құрады. Оның ішінде тұрғындар мен заңды тұлғаларға көрсетілген қызмет толық көлемде орындалды. Газды үздіксіз жеткізу барысында тұтынушылардың сұраныстары уақытылы орындалып, барлық өндірістік процестер тұрақты бақылауда болды. Алдағы кезеңде «Жылыойгаз» ЖШС негізгі күш-жігерін газ тарату желілерін жаңғыртуға, инвестициялық бағдарламаны толық іске асыруға және тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын одан әрі арттыруға бағыттайды. Сондай-ақ Департамент бекіткен жөндеу жұмыстары кезеңімен орындалып, газ жүйесінің сенімділігі мен қауіпсіздігі күшейтілетін болады. Біздің басты – мақсатымыз тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету, газ тасымалдау жүйесінің сенімділігін арттыру және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету,-деді кәсіпорын басшысы.

 Тұтынушылармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында кәсіпорында «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде IBM Notes электрондық құжат айналымы жүйесінің енгізілуі өтініштердің орындалуын жеделдетіп, олардың қаралу барысын басшылық деңгейінде бақылауға мүмкіндік беруде. Тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында төлем қабылдау терминалдары да жұмыс істейді, ал қауіпсіздік талаптары, тарифтер және қоғамдық тыңдаулар туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып келеді. Дегенмен қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар айтылды. Олардың ішінде маңызды мәселелердің бірі газ бағасының өсуіне қатысты сұрақтар болды. Қатысушылар тарапынан тарифтердің өзгеру себептері, бағаның қалыптасу тәртібі және алдағы кезеңдегі жоспарлар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі көтерілді. Осы бағытта тұтынушыларға толық әрі уақытылы ақпарат беру, сондай-ақ қосымша түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру қажеттілігі атап өтілді.

А.ТАЛАПКЕР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT