Жақында Шымкент қаласында қайғылы жағдай орын алып, тұрғын үйде газбен улану салдарынан төрт адамның өмірі қиылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаға көміртек тотығымен улану себеп болған. Бұл оқыс жағдай қоғам назарын сабақ болар тағы бір маңызды мәселеге аударды. Иә, бұл — жай ғана бір отбасының қайғысы емес. Бұл — барша қоғамға ортақ қауіптің айқын көрінісі.
Көміртек тотығы — аса қауіпті газ. Оның түсі де, иісі де жоқ. Сондықтан адам оның бар екенін дер кезінде аңғармайды. Жабық бөлмеде аз ғана мөлшерінің өзі адамды есінен тандырып, ауыр жағдайға әкелуі мүмкін. Мұндай қауіп, әсіресе, тұрмыстық газды пайдаланатын үйлерде жиі кездеседі.
Аталған оқиға орнында тексеру жүргізіліп, бірқатар өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, пәтердегі газ су жылытқышы рұқсатсыз, желдету жүйесіне қосылмай өз бетінше орнатылған. Сонымен қатар мұржада тарту күшінің болмауы анықталған. Бұл жану өнімдерінің сыртқа шықпай, бөлме ішінде жиналуына әкелген.
Сондай-ақ тұрғындардың газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша келісім шарт жасамағаны белгілі болды. Түтін және желдету арналарының жағдайы тексерілмеген, ал газ құрылғыларының техникалық жай-күйі бақылаусыз қалған.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездейсоқ болмайды. Көп жағдайда олар қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан туындайды. Газ жабдықтарын өз бетінше орнату, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі, мұржалардың бітелуі немесе талапқа сай болмауы – мұның бәрі адам өміріне тікелей қауіп.
Газ – тұрмыста кеңінен қолданылатын, қолайлы әрі тиімді энергия көзі. Ол тамақ дайындау, тұрғын үйлерді жылыту сияқты қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. Алайда қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда газ көзге көрінбейтін қатерге айналады. Әсіресе көп қабатты тұрғын үйлерде бұл қауіп бір пәтермен ғана шектелмей, бірнеше отбасының өміріне әсер етуі мүмкін.
Осы тұста басты сұрақ туындайды:
Мұндай қайғылы жағдайлардың біздің ауданда да қайталанбайтынына кім кепіл?
Бұл жерде жауапкершілік тек газ қызметін көрсетуші ұйымдарға ғана жүктелмейді. Әрбір тұтынушы қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті.
Ең алдымен, газ жабдықтарын орнату, ауыстыру немесе жөндеу жұмыстары тек арнайы рұқсаты бар мамандар арқылы жүргізілуі тиіс.
Газ жүйесіне өз бетінше араласу үлкен қауіпке әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар түтін және желдету арналарының жағдайына ерекше назар аудару қажет. Олар жану өнімдерін сыртқа шығаруға тиіс. Егер бұл жүйелер дұрыс жұмыс істемесе, көміртек тотығы бөлме ішінде жиналып, адам өміріне қауіп төндіреді. Газ құрылғыларына уақытылы техникалық қызмет көрсету де аса маңызды. Мамандар жүргізетін тексерістер барысында жабдықтардың ақаулары анықталып, алдын алу шаралары қабылданады. Бұл – төтенше жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы. Тұрмыста қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау да үлкен рөл атқарады. Газ құрылғыларын қараусыз қалдырмау, ақаулы жабдықты пайдаланбау, желдету тесіктерін жаппау – әрбір азамат үшін міндетті талаптар. Ал газ иісі сезілген жағдайда дереу газды өшіріп, бөлмені желдетіп, тиісті қызметке хабарласу қажет.
Шымкент қаласында болған бұл оқиға — кездейсоқтық емес, қауіпсіздікке салғырт қараудың салдары. Мұндай жағдай қайталанбас үшін әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз қажет.
Газ – игілік. Бірақ оны дұрыс пайдаланбаса, ол үлкен қауіпке айналады.
Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау – таңдау емес, өмірді қорғаудың басты шарты.
Нұрболат Қыйсамадин,
«Жылыойгаз» ЖШС-нің газотехникалық инспекторы



