Қытай ғалымдары күріш кебегінен алынған пептидтердің иммундық жасушалардың белсенділігін күшейте алатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Food & Function журналында жарияланған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ
RAW264.7 иммундық жасушаларына жүргізілген тәжірибелер мұндай пептидтердің жасушаларға зиян келтірмейтінін, бірақ олардың белсенділігін айтарлықтай күшейтетінін көрсетті. Атап айтқанда, жасушалар бөгде бөлшектерді белсендірек сіңіріп, пішінін өзгертіп, иммундық жауаппен байланысты молекулаларды көбірек бөле бастаған.
Ғалымдар сондай-ақ патогендерді тануда маңызды рөл атқаратын TLR4 рецепторының белсенділігі жоғарылағанын анықтады. Мамандардың пікірінше, бұл күріш кебегінен алынған пептидтердің иммундық механизмдерді табиғи жолмен іске қоса алатынын көрсетеді.
Зерттеушілердің айтуынша, көбіне күріш өңдеудің жанама өнімі саналып келген күріш кебегі иммунитетті қолдауға және функционалды тағам әзірлеуге арналған табиғи компоненттердің перспективалы көзіне айналуы мүмкін.



