Есеп пен бюджет сараланды

Аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Жиын барысында қаламызда 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланып, тұрғындардың күнделікті өмір сапасына әсер ететін жобалардың жүзеге асырылу барысы сөз болды. Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған аудандық бюджетті нақтылау мәселесі қаралып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытындағы жоспарлар таныстырылды.

Отырысқа қоғамдық кеңес мүшелері, Аудандық экономика және қаржы бөлімінің орынбасары Әділбек Сағынғалиұлы және қала әкімі Қадыржан Адинов қатысты. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қала әкімі Қадыржан Адинов өткен жылы жүзеге асқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Әкімнің мәліметінше, 2025 жылы қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 5 млрд 440 млн теңгені құрап, жоспар 102 пайызға орындалған. Салықтық түсімдер де межеден асып, жергілікті бюджеттің орындалуына оң әсер еткен. 

Баяндама барысында қала тұрғындарының күнделікті тұрмысына тікелей қатысты бағыттардағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында Құлсары қаласындағы 522 көшеде тазалық жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге профилактикалық дезинсекциялық шаралар ұйымдастырылып, қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қызметтері жүзеге асырылған. 

Қала инфрақұрылымын жақсарту бағытында көше жарығын орнату және күтіп ұстау жұмыстары жалғасқан. «Жансая» және «Достық» саябақтарына қосымша жарық шамдары орнатылып, «Болашақ» ықшам ауданында көше жарығы жүйесі жаңартылған. Сондай-ақ трансформаторларға техникалық қызмет көрсету жұмыстары атқарылған. 

Абаттандыру және көгалдандыру бағытында да бірқатар жобалар іске асырылды. Қалаға жаңа аялдамалар орнатылып, бағдаршамдарға техникалық қызмет көрсетілген. Саябақтарға бейнебақылау жүйелері қойылып, жасыл желектерді күтіп-баптау, гүл отырғызу және суару жұмыстары тұрақты жүргізілген. «Жеңіс», «Нұрсая», «Достық» саябақтары мен Махамбет даңғылы бойындағы «Барлаушылар» саябағында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылған. 

Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жобалар жалғасын табуда. Бүгінге дейін қаланың ықшам аудандарына 11 әмбебап балалар ойын алаңы салынып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілген. 

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы баяндалды. Олардың қатарында О.Алдахов көшесі бойындағы аллея құрылысы, Махамбет даңғылы бойындағы сквер, Қ.Сыдиықов көшесіндегі саябақ, бірінші шағын аудандағы «Арбат» құрылысы, жаяу жүргіншілер және веложол салу жобалары бар. Бірқатар нысандарда жұмыстар жалғасып жатқаны айтылса, кейбір жобалардың мерзімінде аяқталмауына байланысты мердігер мекемелерге қатысты тиісті шаралар қабылданып жатқаны жеткізілді. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Аудандық экономика және қаржы бөлімінің орынбасары Әділбек Сағынғалиұлы 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджетті нақтылау жөніндегі аудандық мәслихат шешімінің жобасын таныстырды. Оның айтуынша, аудан бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылып отыр. 

Нақтылау нәтижесінде аудан бюджеті 346 млрд 359 млн 766 мың теңге көлемінде бекітілмек. Оның ішінде мемлекеттік мұқтаждық үшін жер учаскелерін сатып алуға қажетті қаражатты қайта бөлу мәселесі қарастырылған. Баяндамашы ұсынылған өзгерістердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғанын атап өтті. 

А.Талапкер

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT