Ережені есте сақта!

Жаз мезгілі басталысымен тұрғындардың су айдындарына ағылатыны белгілі. Алайда аптап ыстықтан сая іздеп, суға шомылуға асыққан жұрт қауіпсіздік талаптарын ескере бермейді. Бұл өз кезегінде адам өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайлардың орын алуына себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты ауданымызда судағы қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауға алынып отыр.

Бүгінде ауданда суға түсу маусымы ресми түрде ашылған жоқ. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіз шомылуына арналған арнайы рұқсат етілген орындар да бекітілмеген. Десек те, кейбір азаматтың өз бетінше су айдындарына барып демалуы жауапты мамандардың алаңдаушылығын туғызуда. Соған сәйкес қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция қызметкерлері және прокуратура өкілдері бірлесіп күн сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Мұндағы басты мақсат – тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, белгіленбеген жерлерде шомылудың қауіпті екенін ескерту және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Нұрсәт Дәуренұлының айтуынша, қазіргі уақытта аудан көлемінде суға түсуге ресми түрде рұқсат етілген бірде-бір орын жоқ.

-Біздің мақсатымыз – адамдардың суға шомылу кезінде тәртіпті сақтауын қамтамасыз ету. Қаламызда әлі суға түсу маусымы ашылған жоқ және суға түсуге рұқсат етілген орындар бекітілмеді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаментінің тапсырмасына сәйкес күн сайын екі немесе үш маманнан құралған топ қайықпен рейдке шығады. Олар таңғы сағат 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейін су айдындарын тұрақты бақылап, сағат сайын тексеру жұмыстарын жүргізуде, – дейді Н.Дәуренұлы. 

Иә, рейд барысында азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйде суға түспеу, белгіленбеген орындарда шомылмау сияқты қауіпсіздік талаптары түсіндірілуде. Себебі тәжірибе көрсеткендей, судағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі дәл осы қарапайым ережелердің сақталмауынан туындайды. Мәселен, жыл басынан бері аудан аумағында суға кету фактілері бойынша үш хабарлама тіркелген. Өкінішке қарай, оның бірі адам өлімімен аяқталған. Ал тағы екі жағдайда азаматтар дер кезінде құтқарылып, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болған. Бүгінде су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі аудан прокуратурасының да ерекше назарында. Қадағалаушы органның бастамасымен қауіпті учаскелер анықталып, ол жерлерге ескерту белгілері орнатылған. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Бұл туралы аудандық прокуратураның прокуроры Берікәли Исатайұлы: 

-Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесін ерекше бақылауда ұстап отырмыз. Құзырлы органдармен бірлескен жұмыста қауіпті учаскелерде рейдтік шараларды өткізіп, ескерту белгілерін орнатып және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз,-дейді өз сөзінде. 

Айта кету керек, өткен 2025 жылы ауданда 6 адам суға кетіп, бәрі де қайғылы жағдаймен аяқталған еді. Оның ішінде бір кәмелетке толмаған жасөспірім де бар. Бұл көрсеткіш судағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын тағы бір мәрте дәлелдейді. Бұл ретте жауаптылар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Өйткені адам өмірі мен денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ. Ал қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау талай қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік береді. 

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT