Адамның өмір жолы оның артында қалдырған ізінен көрінеді. Бұл ретте бірінің есімі атқарған қызметімен есте қалса, енді бірінің есімі адамға деген ықыласы, елге жасаған жақсылығы арқылы ұрпақ жадында сақталады. Өйткені шынайы абырой лауазыммен емес, халықтың берген бағасымен өлшенеді. Міне, осындай ел құрметіне бөленіп, аудан жұртынан алғыс алған азаматтар арасында құзіретінен құрметі биік шоқ тұлғалар бар. Сондай мәрт те мейірман, адал да ақкөңіл ерлердің бірі ретінде ауданымыздың қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар, саналы ғұмырын туған жерінің гүлденуіне арнаған Мұхтар Мұрынбайұлы Кенғановтың есімін ерекше айта аламыз.
«Биыл арда азамат арамызда болса, 62 жасқа толар еді» деп еске алады оның көзін көріп, рухани мектебінен азық алған әріптестері. Себебі елге қызмет еткен тұлғаларды еске алу өткенге тағзым ғана емес, кейінгі буынға бағыт-бағдар беру, үлгі етіп, оның ерлік ісін насихаттау. Бүгінде абыройлы азамат есімін оның замандастары мен әкімдік өкілдері, ауданның атын жаңғыртуда ауыз толтырып айтарлықтай қызмет етіп жүрген әріптестері танығанмен, қоғамдық ортаға енді қанат жайып келетін жас буын біле бермеуі мүмкін. Сондықтан, «ел ісінде елеулі еңбек еткен ер есімі мәңгілікке ұмытылмауы тиіс» деп Мұхтар ағаның өмірінен сыр шерткіміз келеді.
Мұхтар Мұрынбайұлы 1964 жылы 19 тамызда біз қадір тұтып, қастерлеген туған топырақ – Жылыой жерінде дүниеге келген. Қарапайым отбасында тәрбиеленген ол жастайынан еңбекке жақын болып өсті. Мектеп қабырғасынан алған тәрбиесі мен Отанға деген сүйіспеншілігі оның өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етті. А.Чехов атындағы орта мектепті тәмамдаған ол еңбек жолын ерте бастады. 1981 жылы Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрлігіне қарасты «Гурьевэнерго» Ембі электр жүйесі кәсіпорнында электромонтер болып жұмысқа орналасты. Бұл кезең жас маман үшін үлкен өмір мектебі болды. Қызметтің алғашқы баспалдағынан бастап ол еңбектің қадірін түсініп, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйренді. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң, кәсіби жолын жалғастырады. Кейін байланыс саласында еңбек етіп, қарапайым маманнан білікті инженерге дейінгі жолдан өткен. 1985-1992 жылдар арасында Прикаспий өндірістік-техникалық байланыс басқармасына қарасты №5 Құлсары байланыс цехында электромонтер, электромеханик, 2 санатты байланыс инженері қызметтерін атқарған. Қызмет еткен жылдарында тек тәжірибе жинап қана қоймай, білімін де жетілдіруге ұмтылды. Атап айтсақ, Мұхтар Кенғанов 1989 жылы Астрахань электр байланыс техникумын тәмамдап, байланыс саласының кәсіби маманы атанды. Кейін білімін одан әрі жетілдіріп, заң саласын да меңгерді. 1992 жылдан бастап оның кәсіби қызметіндегі жаңа кезең басталады. «Теңізмұнайгаз» акционерлік қоғамындағы еңбек жолында инженер, жетекші инженер, №2 «Теңіз» байланыс цехының бастығы, өндірістік-техникалық байланыс басқармасы бастығының орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарды. Бұл жылдары Теңіз кенішінің қарқынды дамып келе жатқан кезеңі еді. Өндірістің тұрақты жұмыс істеуінде байланыс пен энергетика саласының маңызы зор болатын. Мұхтар Мұрынбайұлы осы бағыттағы жұмыстарға белсене араласып, кәсіби біліктілігін көрсете білді. Кейін «Теңізстройсервис» және «Қазақтелеком» мекемелерінде басшылық қызметтер атқарып, ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Ол қай салада қызмет етсе де, алдымен істің сапасына, адамдармен қарым-қатынасқа мән беретін. Оны сол жылдарда дәмдес, қызметтес, әріптес болған әрбірі де растары хақ. Осындай ақ адал тердің, ұзақ жылғы тәжірибенің нәтижесінде Мұхтар Мұрынбайұлы 2004-2006 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, жергілікті атқарушы басқару саласында да өз орнын қалыптастыра білді. Бұл кезеңде ол тұрғындардың мәселесін шешуге, қаланың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың бел ортасында жүрді. Оның бойындағы ерекше қасиеттерінің бірі – қызмет пен халық арасындағы байланысты дұрыс түсінуі еді. Ол билік өкілі ретінде емес, халықтың мұңын тыңдайтын азамат ретінде көптің көңілінен орын алды, ел аузында жүрді.
Кейін М. Мұрынбайұлының өмір жолында ерекше кезең басталады. Ол 2007 жылы еді. Себебі бұл жылы ардақты азамат аудандық мәслихат хатшысы ретінде тағайындалып, өмірінің соңғы сәтіне дейін осы салада абыройлы еңбек ете білді. Әрине, мәслихат хатшысы қызметі – халықтың ұсынысын тыңдап, елдің мәселесін көтеру, түрлі пікірлердің ортақ шешімін табу міндеті сеніп тапсырылатын жауапты іс. Мұхтар Мұрынбайұлы осы жауапкершілікті терең сезініп, үш бірдей шақырылым кезінде де халық қалаулыларының жұмысын үйлестіріп, аудан беделін арттыруға үлкен үлес қосты. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерге белсенді араласып, депутаттар мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайта білді. Әрбір ұсыныстың артында адам тағдыры тұрғанын жақсы түсінді. Сол жылдардағы әріптестерінің сөзінше, Мұхтар ағаның жұмысындағы басты қағида – талапшылдық пен әділдік, сондай-ақ тәртіп еді. «Бірақ бұл талаптың артында үлкен қамқорлық пен елге деген жанашырлық жататын» деп еске алады аудандық мәслихат депутаты Сәуле Мамбетова. Сондай-ақ ол өз сөзінде:
– Алғаш депутат болған жылдары бұл қызметтің үлкен жауапкершілігін толық сезіне қойған жоқпын. Халықпен кездесіп, олардың мәселесін тыңдағаннан кейін көп нәрсені түсіндім. Сол кезде Мұхтар Мұрынбайұлы маған әр мәселенің артында адамның тағдыры тұрғанын үйретті. Ол халықтың сөзін жай тыңдап қана қоймай, нақты шешім іздеуді талап ететін. Жас депутаттарға үлкен тәрбие мектебін қалыптастырды. Оның талапшылдығы бізге тәжірибе жинауға, жауапкершілікті сезінуге көмектесті. Мен оның үлкен мектебінен білім алып шыққан оқушыдаймын десем артық айтқандық болмас еді,- дейді ойын жеткізіп. Әрине, ол кісі туралы естеліктер Мұхтар Мұрынбайұлының басшылық қасиетін ғана емес, кейінгі буынға берген тәрбиесін де анық көрсететіндей. Өйткені азаматтың елге сыйлы болуының бір себебі оның адам тағдырына бейжай қарамайтындығында еді. Мұны ауданның Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың VII шақырылымының депутаты Сайлауғали Кенжеғалиев те растап:
– Мұхтар Кенғанов адамдарға көмектесуді азаматтық міндеті деп білетін. Ұзақ жылдар басшылық қызметте болғандықтан, көптеген мекеме басшыларымен байланысы берік, бұл ретте беделі де жоғары еді. Бірақ ол бұл мүмкіндігін ешқашан жеке басының пайдасына асырған емес. Керісінше халықтың мәселесін шешуге бағыттады. Әсіресе әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлетін. Бір тұрғынның денсаулығына байланысты күрделі жағдай туындағанда, тиісті орындармен сөйлесіп, оның уақытылы ем алуына ықпал етті. Осындай көмекті ол көп жағдайда жария етпейтін,-дейді оның азаматтық қасиеттерін жіпке тізіп. Шындығында, азаматтың үлкендігі қызметінің биіктігімен емес, адамдарға жасаған жақсылығымен бағаланады және солай есте қалып жатады.
Оның ұзақ жылғы адал еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алды. Әр жылдары алған алғыс хаттар мен құрмет грамоталары, мерейтойлық медальдар мен төсбелгілер – маңдай термен келген марапаттың белгісі ғана. Солардың ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы, Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы, «Үздік байланысшы» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы», «Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл», «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медальдары, сондай-ақ Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін табысталған «Киелі мекен – Кең Жылой» төсбелгісі оның ел алдындағы еселі еңбегінің нақты айғағы болды.
Ал бұл жалғанмен қош айтысқаннан кейін ғана берілген «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» және «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атақтары – туған елінің арда азаматқа білдірген шынайы құрметі мен халықтың жүрек түкпірінен шыққан алғысының көрінісі десек артық айтқандық емес. Себебі ондай атақтар кез келген адамға бұйыра бермейді. Ол – елдің сенімі мен азаматтың халық алдындағы адал қызметінің өлшемі ретінде табысталады емес пе?! Десек те, Мұхтар Мұрынбайұлы үшін ең үлкен марапат кеудесіне тағылған медальдар мен алған атақтар емес еді. Оның басты байлығы – халықтың сенімі, көптің құрметі, әріптестерінің ризашылығы болатын. Қай қызметте жүрсе де, ол өзін өзгеден биік қойған емес. Қарапайымдылығы, адаммен тіл табыса білуі, әділдігі мен турашылдығы оның азаматтық болмысын айқындап тұрды. Көмек сұрап келген жанның көңілін қалдырмай, қолынан келгенше жәрдемдесуді азаматтық парызы санады. Сондықтан да оның өмірден өткеніне бірнеше жыл өтсе де, есімі ел жадында әлі күнге менмұндалап сайрап тұр. Тек ел ішінде айтылар естеліктердің арқауы кейінгі буынға үлгі болар тағылымға айналса дейміз ғой. Өйткені ол тек адал басшы ғана емес, отбасында да ардақты әке, асыл жар, мейірімді ата бола білді. Өмірлік серігі Ақжан Аманқұлқызымен бірге төрт ұл мен үш қызды тәрбиелеп өсіріп, олардың бойына еңбексүйгіштік, адалдық, қарапайымдылық пен елге қызмет етудің қадірін сіңірді. Соның нәтижесінде ұл-қыздары әлі күнге дейін әкесінің есімі аталған жерден қапы қалмай, оның өмірдастаны мен еңбек жолы ел есінде қалуы үшін қолынан келгенді жасап келеді.
Бүгінде аудан тарихы сөз болғанда Мұхтар Кенғановтың есімі ауданның өсіп-өркендеу жолында еңбек еткен азаматтардың қатарында құрметпен аталады. Себебі ол қай қызметте жүрсе де, туған жердің мүддесін бәрінен жоғары қоя білген жан. Елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге, тұрғындардың ұсыныс-тілегін жүзеге асыруда бар күш-жігерін жұмсады. Оның өмір жолына зер салған әрбір жан «басшының шын мәнінде қандай болуы керек?» деген сауалдың жауабын таба алады. Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Мұхтар Мұрынбайұлы да осы тәмсілдің мәнін өмірімен дәлелдеп кеткен азаматтардың бірі. Өйткені адамның ғұмыры шектеулі болғанымен, оның елі үшін жасаған игі ісі мен халқына қалдырған өнегесі мәңгі жасайды. Осындай азаматтардың ғибратты ғұмырын кейінгі ұрпаққа насихаттау өткенге құрмет қана емес, болашаққа қалдырылған аманат болары анық.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



