Елімізде кейінгі екі жылда 54 жаңа кен орны ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — 2024-2025 жылдары Қазақстанда 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынды. Оның 40-тан астамы қатты пайдалы қазбаларға тиесілі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы алғаш рет мемлекеттік есепке 35 кен орны енгізілген. Оның ішінде 23-і қатты пайдалы қазбалар, алтауы көмірсутек шикізаты және алтауы жерасты суларына қатысты.

2025 жылы тағы 19 жаңа кен орны есепке қойылды. Олардың 17-сі қатты пайдалы қазбаларға, біреуі көмірсутек шикізатына және біреуі жерасты суларына тиесілі.

Сонымен қатар осы кезеңде бірқатар пайдалы қазба түрлері бойынша ресурстар мен қор көлемі артқан.

Атап айтқанда:

 

алтын — 157 210,6 келі;

 

күміс — 9 432 тонна;

 

мыс — 122,7 мың тонна;

 

хром кені — 927 мың тонна;

 

мырыш — 171,9 мың тонна;

 

қорғасын — 114,8 мың тонна;

 

темір кені — 262,2 млн тонна;

 

марганец — 11,052 мың тонна;

 

фосфор кені — 1,338 млн тонна;

 

мұнай — 199 мың тонна;

 

газ — 22 млрд текше метр;

жерасты сулары — тәулігіне 104,148 мың текше метр.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік балансында пайдалы қазбалардың әртүрлі түрлері бойынша шамамен 10 мың кен орны бар.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізгенін хабарлағанбыз.

 

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT