Елге қызмет – ерге міндет

Адамды көркейтетін – оның жақсы ісі мен елге жасаған еңбегі. Сондықтан кез келген адам туралы сөз қозғағанда, алдымен оның қоғамға қандай пайда тигізіп жүргеніне мән береміз. Осындай сөзі мен ісі қатар үндескен азаматтардың бірі – Бейбарыс Қойшыұлы. Ол бүгінде қарапайым болмысымен көпке үлгі болып, қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға өз қолымен пандус орнатуда.

Бейбарыс Қойшыұлы 1999 жылы Құлсары қаласында дүниеге келген. №9 жалпы білім беретін орта мектепті тәмамдаған соң, 2015-2017 жылдары Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алды. Студенттік шағында елге қызмет етуді азаматтық парызы санаған жерлесіміз 2017-2018 жылдары Тараз қаласындағы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде әскери борышын өтеді. Қазіргі таңда ол «Жылыой мерген» клубының спортшысы әрі вице-президенті қызметін атқарады. Сонымен қатар N-Stroy компаниясында директордың кеңесшісі болып еңбек етеді. Бастамашыл жас ауданның дамуы мен көркеюіне өз үлесін қосып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстары көптің алғысына бөленуде. Бүгінде оның бастамасымен қала аумағында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында 19 пандус орнатылған. Сондай-ақ ол «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу жұмыстарына тұрақты түрде қатысып, қаламыздың жасыл желекке айналуына атсалысып жүр. Бұдан бөлек, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, жастардың жан-жақты дамуына бағытталған түрлі жобалардың жүзеге асуына үлес қосуда. Оның басты мақсаты да осы – халыққа өз пайдаңды тигізу.

– Қоғамдық жұмыстарға екі жыл бұрын келдім. Алғашында қарапайым қолдаудан басталған жұмыстар уақыт өте келе ауқымды жобаларға ұласты. Қайырымдылық пен қоғамдық қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан маған артылған сенімді ақтап, әрдайым адал еңбек етуге тырысамын. Сонымен қатар бүгінде «Amanat» партиясы атынан да бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырып, ел игілігі жолында қызмет етіп келемін,-дейді ол. Бүгінде Бейбарысты аудан тұрғындары жақсы танып алған. Себебі ол қай кезде де игі бастамалардың жанынан табылып, ел мүддесі жолында еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін әлеуметтік жағдайы төмен және көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларынан шет қалған емес. Жомарттығы мен азаматтық болмысының арқасында көпшілікке үлгі болып жүрген азаматтың еңбегін ел жоғары бағалауда. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген халық даналығын өмірлік ұстанымына айналдырған Бейбарыс туған жер үшін тынбай тірлік ету керектігін алға тартады. Елжанды азамат қоғамдағы өзекті мәселелерге де бейжай қарамайды. Ол халық жанашырлары мен кәсіпкерлердің қолдауымен бірқатар маңызды бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болып, көпшілікке ортақ игі істердің орындалуына белсенді түрде атсалысып келеді. Оның сөзінше, кез келген сауапты істің нәтижелі болуы ел ішіндегі бірлік пен ынтымаққа байланысты. Осы орайда ол өзіне әрдайым қолдау білдіріп жүрген достары мен серіктестеріне шынайы алғысын жеткізді. Бұл туралы өзі:

– Алға қойған жоспарымыз көп. Атап айтсам, қоғамдық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету бағытындағы бастамаларды кеңейтіп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға басымдық береміз. Сонымен қатар туған қаламыздың көркеюіне үлес қосу мақсатында ағаш отырғызу акцияларын жиі ұйымдастырып, қоршаған ортаның тазалығын сақтау жұмыстарына белсенді араласамыз. Табиғатты аялау мен қоғамға қызмет ету әр азаматтың ортақ міндеті деп білемін,-дейді өз сөзінде. 

Иә, биыл қалаға 25 жыл толып отыр. Белсенді азаматтардың пікірінше, бұл айтулы дата тек салтанатты жиындармен шектелмей, халық жадында сақталатын тағылымды мерекеге айналуы тиіс. Осыған байланысты ол жастарға арналған форумдар, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар, қайырымдылық акциялары мен көгалдандыру жұмыстарын кеңінен ұйымдастыру жөнінде ұсынысын білдірді. Өйткені елдің өркендеуі мен туған жердің көркеюі әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан ол жастарды білім мен еңбекке ұмтылып, қоғам өміріне бейжай қарамауға шақырады. 

А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT