Тергеу және көші-қон қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Заң мен тәртіп – қоғам тірегі!» атты салтанатты шара өтіп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарына ерекше құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиынның басты мазмұны құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүрген азаматтардың ел алдындағы жауапты міндетін дәріптеу, олардың қоғамдағы орны мен маңызын айқындау болды. Себебі заң үстемдігі кез келген мемлекеттің берік тірегі болса, сол заңның сақталуын қамтамасыз ететін мамандар қоғамдық тұрақтылықтың кепілі.
Шара барысында тергеу саласының ел өміріндегі айрықша рөлі кеңінен айтылды. Тергеуші қызметі тек кәсіби біліктілікті ғана емес, үлкен жауапкершілік пен сабырды, әділдікке адал болуды талап ететін күрделі мамандық. Қоғамдағы әрбір құқық бұзушылықтың заң аясында қаралуы, азаматтардың құқығының қорғалуы, әділеттің салтанат құруы осы сала мамандарының күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі екені атап өтілді. Сонымен қатар көші-қон саласының да мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны ерекше екені айтылды. Ел аумағындағы көші-қон тәртібін реттеу, заңдылықтың сақталуын бақылау, азаматтардың құқықтық кеңістікте еркін әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау – бұл қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан көші-қон қызметкерлерінің еңбегі де қоғам үшін айрықша маңызға ие.
Салтанатты жиында сала ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби қызметі жоғары бағаланды. Құттықтау сөз сөйлегендер құқық қорғау саласында еңбек ету үлкен сенім мен табандылықты қажет ететінін атап өтіп, ел тыныштығы жолындағы қызметтің қашанда қадірлі екенін жеткізді. Кеш барысында ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың жарқын бейнесі ерекше ілтипатпен еске алынды. Оның қызметтік борышын өтеу жолындағы батылдығы мен жанқиярлығы нағыз отансүйгіштіктің үлгісі ретінде айтылды. Батырдың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі, ел жадында сақталатын тағылымды тарих екені атап өтілді.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң мен тәртіпке қатысты ұстанымдары да кеңінен сөз болды. Заң үстемдігі орныққан қоғамда ғана тұрақтылық пен сенім болатыны, құқықтық мәдениетті қалыптастыру барша азаматқа ортақ міндет екені ерекше назарға алынды.
Мерекелік басқосу құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындап, олардың ел тыныштығы жолындағы еңбегіне деген құрметті арттыра түсті.
Шара соңында сала мамандарына мықты денсаулық, қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік білдірілді.
Қоғам тыныштығы заң үстемдігімен өлшенеді. Ал сол заңның орындалуын қамтамасыз ететін азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Өз тілшіміз



