Ел қалқаны болған ерлер ұлықталды

Елдің тыныштығы мен тұтастығы шекара шебіндегі сергек қызметтен басталады.

Мемлекеттік шекараның әрбір бекеті Отан қауіпсіздігінің маңызды қалқаны саналады. Осы шепте күн-түн демей қызмет атқаратын сарбаздарға жүктелер жауапкершілік те салмақты. Олар үшін әскери антқа адалдық пен Отан алдындағы борышты абыроймен өтеу басты міндет.

Атырауда Қазақстан Республикасының Шекарашылар күніне орай салтанатты шара өтті. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған жиынға облыс басшылығы, шекара қызметінің ардагерлері мен әскери қызметшілер қатысты.

Мерекелік шарада сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов шекарашыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбектеріне алғыс білдірді.

Дарын Дүйсембайұлы өз сөзінде мемлекеттік шекараны күзету айрықша жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Елдің тыныштығы мен тәуелсіздігін қорғау жолында қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін жеткізді.

Салтанатты жиында әскери борышын үлгілі атқарып, қызметтік міндеттерін орындауда жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар әскери қызметші Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында майор Алуа Махмутова, капитан Ерайдын Сапаров, лейтенант Руслан Билманов, сержант Клара Жумагазиева және II сыныпты старшина Қуаныш Гумаров бар.

Сонымен бірге мінсіз қызметі, кәсіби шеберлігі және әскери антқа адалдығы үшін бірқатар әскери қызметші Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары, Шекара қызметі директорының және департамент бастығының бұйрықтарымен марапатталды.

 

Жиында Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Дулат Есенжаров та әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

–Шекара қызметі әскери тәртіпті, қырағылықты және кәсіби даярлықты талап етеді. Мемлекеттік шекараны күзету арқылы біз елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Әр шекарашы өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, әскери антқа адал болуы керек. Бүгінде жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға, жауынгерлік даярлығын жетілдіруге және қызметтік міндеттерді сапалы орындауына ерекше мән беріледі. Отан шебін күзетіп жүрген барлық әскери қызметшіге еңбегі үшін алғысымды білдіремін, — деді Дулат Жанатұлы.

Салтанатты жиын барысында шекарашылардың күнделікті қызметі мен жауынгерлік даярлығын танытатын бейнеролик көрсетілді. Кадрлардан әскери қызметшілердің ел шебін күзетудегі тынымсыз еңбегі мен кәсіби дайындығы көрініс тапты.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада «Інжу-Маржан» би ансамблі өнер көрсетіп, әскери-патриоттық мазмұндағы әндер шырқалды. Шараға Шекара қызметінің әскери қызметшілері де қатысып, өнер көрсетті.

Кеш соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Нұғмаровтың орындауындағы «Жасай бер, Қазақстан!» әні шырқалып, мерекелік бағдарлама түйінделді.

Иә, шекара шебіндегі қызмет көзге көп көріне бермегенімен, оның ел қауіпсіздігі үшін маңызы айрықша. Қырағы шекарашының әр күні Отан алдындағы сертке беріктігімен өлшенеді.

 

Майра ЕРҒАЛИ

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT