Ел дамуының жаңа кезеңі талқыланды

«Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалы жанынан құрылған саяси кеңестің кеңейтілген отырысында жаңа Конституция жобасына дауыс беруге арналған республикалық референдум мәселесі кеңінен талқыланды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің мәжіліс залында ұйымдастырылған жиынға партияның өңірлік филиалының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, сала мамандары мен депутаттар қатысты. Отырысты «Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы Нұртас Байжанов жүргізді.

375ac59c 509d 48b8 b8f8 aaf761e28632

Кеңес барысында күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, қатысушылар тарапынан пікірлер мен ұсыныстар айтылды. «Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Ораш партия жұмысының басым бағыттарына тоқталды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаев саладағы өзекті мәселелерді қозғап, аграрлық секторды дамыту бағытындағы ой-пікірін ортаға салды.
«Қазақстан фермерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Мұрат Сарманов та сөз алып, өңірдегі фермерлердің жай-күйі, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдер мен мүмкіндіктер туралы баяндады.
– Қазақстан Республикасы өзінің экономикалық даму екпінімен, жер асты мен үстіндегі байлығымен, саяси тұрақтылығымен танылып, әлемнің төрткүл дүниесінің қақпасына айналды. Осы орайда еліміздің болашағына бүгінгі даму үрдісін жан-жақты қанағаттандыратын жаңа Конституция қажеттілігі – бүгінгі күн талабы.
Біз тарихи шешім қабылдау кезеңінде тұрмыз. Бүгінгі басқосуда көпшілігі – жастар. Сендердің де ізбасарларың мектептерде, оқу орындарында өсіп келеді. Сол өскелең ұрпаққа сара жол, мызғымас бірлік, айқын бағыт-бағдар болатын – осы қабылданар Конституция.

6bf75220 26e7 4d09 93cc 0f557f7f600e

Бүкілхалықтық референдумды әрбір қазақстандық ұлт үшін, ел үшін қосқан үлесім деп есептеуі тиіс, — деді Мұрат Сатыбалдыұлы.
Кеңейтілген саяси кеңес отырысына облыстық мәслихаттың депутаты Қадырбек Мағзомов қатысып, талқыланған тақырыптарға қатысты өз пікірін білдірді.
– Қазір Қазақстанның даму бағытын айқындайтын, әділетті қоғам құруға негіз болатын жүйелі өзгерістер кезеңі. Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер қоғамдағы әділдік қағидаларын нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – халықтың тікелей ерік білдіруі арқылы ел тағдырына қатысты маңызды шешім.
Менің ойымша, Конституция нормаларын нақты өмірде орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері басты назарда болуы тиіс, — деді Қадырбек Тілегенұлы.

1a169c2d bcc7 45a5 84d1 8f7ad3395bc0

Индер аудандық аумақтық партия ұйымының төрағасы Керімбай Сабырғалиев ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
– Қолданыстағы Конституция тәуелсіздіктің күрделі кезеңінде қабылданып, елді сақтауға, тұрақтылық орнатуға қызмет етті. Орталықтандырылған басқару сол уақыттың талабы болды және өз тарихи міндетін орындады.
Бүгінде қоғам әділдік пен ашықтықты талап етеді. Жаңа жоба заң шығару органын «Құрылтай» деп атап, өкілдікті кеңейтуді ұсынады.
Ескі Конституция тұрақтылықты қамтамасыз етті, жаңа жоба – жауапкершілік пен тепе-теңдікті күшейтуге бағытталған, — деді Кәрімбай Талапұлы.

b5fa479f 85de 4be6 aae9 df9da05ef523

Отырыста күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Жиын қорытындысында бірқатар ұсыныстар айтылып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды.
Іс-шара аясында «Ауыл» партиясының белсенді, құрметті азаматтарын марапаттау рәсімі өтті.

Алмас ҚАБДОЛ
Cуреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026