Ел дамуының кепілі

Еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуі ең алдымен адал еңбекке, әділдікке және заң үстемдігіне негізделеді. Қандай қоғам болмасын оның болашағы азаматтарының еңбекке деген көзқарасына, жауапкершілігіне және адамгершілік құндылықтарына байланысты. Сондықтан адал еңбек – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы ғана емес, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының берік негізі.

Бүгінде Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – халықтың мемлекетке деген сенімін нығайту, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру. 

Адал еңбек еткен адам өз кәсібіне құрметпен қарап, қоғам игілігі үшін қызмет етеді. Ол заң талаптарын сақтайды, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды және жеке пайдадан бұрын ел мүддесін жоғары қояды. Осындай қағидаларды ұстанған қоғамда әділеттілік салтанат құрып, халықтың мемлекетке деген сенімі артады. 

 Мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Дегенмен, заңнаманы жетілдірумен қатар әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті мен адалдық қағидаттарын ұстануы ерекше маңызға ие. Себебі қоғамдағы өзгеріс әр адамның өзінен басталады. Адал еңбек ету, заңды құрметтеу, мемлекет мүлкіне ұқыпты қарау, әділ шешім қабылдау – өркениетті қоғамның басты белгілері.

 «Адал азамат» қағидаты – еліміздің болашағын айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі. Өз ісіне адал, кәсібіне жауапты, заңды құрметтейтін азаматтар көбейген сайын қоғамда әділдік пен сенім нығая түседі. Мұндай ортада экономиканың дамуы жеделдеп, инвестициялық тартымдылық артып, халықтың әл-ауқаты жақсарады.

Қорыта айтқанда, адал еңбек – табыстың ғана емес, елдің өркендеуінің де басты кепілі. Әрбір азамат өз еңбегіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтап, әділдік пен адалдық қағидаттарын өмірлік ұстанымына айналдырғанда ғана қуатты мемлекет пен берекелі қоғам қалыптасады. Ендеше, адал еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз әрі келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.

М.Қабиденов,

Ақкиізтоғай ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT