Аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылған кезекті 45-сессиясы аудан әкімдігі ғимаратында өтті. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев жүргізді. Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары, Құлсары қаласы мен ауылдық округтердің әкімдері, бөлімдер мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ жауапты сала мамандары қатысты. Ашық форматта өткен отырыс тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Сессияның күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қаржы саласына қатысты бірнеше маңызды мәселе енгізілді. Атап айтқанда, 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы, Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кенті, Жем, Қосшағыл, Қара Арна, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтері бюджеттерінің орындалуы туралы есептер тыңдалды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ретінде Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының аудандық бюджетінің атқарылуы жөніндегі қорытынды есебі қаралды. Баяндамада бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, кірістер мен шығыстардың орындалуы, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы және қаржылық тәртіптің сақталуы жөніндегі мәліметтер қамтылды.
Есепке сәйкес, 2025 жылы аудандық бюджеттің нақтыланған жоспары 288,2 млрд теңгені құраса, нақты түсім көлемі 296,6 млрд теңгеге жетіп, жоспар 102,9 пайызға орындалған. Өткен жылмен салыстырғанда аудан бюджетіне түскен түсім көлемі едәуір өсіп, қаржы көрсеткіштерінің тұрақты оң динамикасы байқалған. Сессия барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де кеңінен талқыланды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 12,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 127,8 пайызға артқан. Ауданда 41,7 млн тонна мұнай және 22,2 млрд текше метр газ өндіріліп, бұл көрсеткіштер де өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтижелерге қол жеткізілген. Ет пен сүт өндірісі артып, мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жылқы және түйе саны көбейген. Сонымен қатар аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мыңнан асып, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының үлесі 96,4 пайызды құраған. Халықты жұмыспен қамту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Өткен жылы аудан көлемінде 3090 жаңа жұмыс орны ашылып, 3129 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар арқылы да көптеген тұрғындарға қолдау көрсетілген. Сессияда Атырау облысы бойынша Экология департаментінің Жылыойдағы қоршаған ортаны қорғау жөнінде 2025 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамада мұнай-газ өндірісі қарқынды дамыған өңірдегі экологиялық ахуал, өндірістік кәсіпорындардың табиғатты қорғау талаптарын сақтау деңгейі және мемлекеттік бақылау нәтижелері баяндалды.
Департамент өкілінің мәліметінше, жыл ішінде аудан аумағындағы бірқатар кәсіпорындарға экологиялық бақылау жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданған. Нәтижесінде бірнеше кәсіпорынға әкімшілік айыппұлдар салынған. Бұл жұмыстар қоршаған ортаға келтірілетін залалды азайтуға және экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар депутаттар аудандық мәслихатының 2024 жылғы 27 тамыздағы №22-2 «Жылыой ауданы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» шешіміне өзгеріс енгізу мәселесін қарап, тиісті шешім қабылдады. Сессия соңында аудандық мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, тиісті шешімдерді мақұлдады. Жиын барысында көтерілген мәселелер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жетілдіруге, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттерді айқындады.
А.Ерденқызы



