Еңбек еткеннің еңсесі биік

Нарықтық экономика жағдайында кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен халықтың жұмыспен қамтылу деңгейімен өлшенеді. Тұрақты табыс көзі бар азаматтың тұрмысы түзеліп қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың да негізі қаланады. Сондықтан жұмыссыздықпен күрес бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Ауданымызда да бұл мәселе өзектілігін жоғалтпады. Ресми мәліметке сүйенсек, ауданда бүгінде 3200 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Дегенмен мәселені шешу бағытында нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Әсіресе мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлескен бастамалары көптеген азаматтың еңбек нарығына қайта оралуына мүмкіндік беруде. Жұмыссыздықпен күресте кәсіпкерліктің орны ерекше. Себебі кәсіпкер тек өз кәсібін дамытып қоймайды, жаңа жұмыс орындарын ашып, басқа адамдардың да табыс табуына жағдай жасайды. Осындай азаматтардың бірі – жылыойлық кәсіпкер Айгүл Төленғалиева.

Ол өткен жылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант жеңіп алып, қаламыздағы ерте дамыту орталығын ашқан. Бүгінде орталықта дамуында ерекшелігі бар балаларға арнайы қызмет көрсетіледі. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай орталықтарға сұраныс жоғары.

– Ауданда дамуында тежелуі бар 4 мыңға жуық бала тіркелген. Сондықтан мұндай орталықтың қажеттілігі күн сайын артып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісімді ашып қана қоймай, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым. Қазір мамандарымыз күн сайын 15 баламен жұмыс істейді. Бұл – балалардың дамуына да, ата-аналардың алаңсыз еңбек етуіне де үлкен көмек. Жасыратыны жоқ, қазір жас кәсіпкерлерде жақсы-жақсы идеялар бар. Бірақ қаржы жетіспегендіктен бастама жүзеге аспай қалады. Мемлекет бұл жерде тек қаржы бөліп қана қоймайды. Алдымен кәсіпкерлік негіздерін үйретеді, бизнес-жоспар әзірлеуге көмектеседі,-дейді кәсіпкер Айгүл Төленғалиева.

Оның пікірінше, гранттық бағдарламалар әсіресе көп балалы аналар үшін үлкен мүмкіндік. Айгүл секілді өткен жылы ауданда 50 адам мемлекеттік грант арқылы кәсіп бастаған. Ал биыл тағы 54 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Жұмыссыздық мәселесін шешуде жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, жергілікті тұрғындарды ірі өндіріс орындарына жұмысқа орналастыру да аса маңызды. Бұл бағытта аудандық Мансап орталығы жүйелі жұмыс жүргізуде. Орталық басшысы Ақылбек Едігеевтің сөзінше, өткен жылы аудан бойынша 37 мекемемен үшжақты келісім жасалған. Бұл туралы ол:

– Теңіз қалашығындағы мердігер мекемелермен және аудан аумағындағы кәсіпорындармен тұрақты байланыс орнаттық. Өткен жылы жасалған келісімдердің нәтижесінде 1000-ға жуық азамат жұмысқа орналасты. Биыл да жұмысты жалғастырып жатырмыз. Қазіргі таңда 21 мекемемен меморандумға қол қойдық. Біздің мақсат – жұмыссыз азаматтарды нақты жұмыс орындарына бағыттап, олардың тұрақты табыс табуына жағдай жасау,-дейді өз сөзінде. Иә, қазір тек бос жұмыс орындарын ұсыну жеткіліксіз. Еңбек нарығы білікті мамандарды қажет етеді. Сондықтан қайта даярлау және кәсіптік оқыту шаралары да қатар жүргізілуі қажет. Биыл облыста жұмыссыздар саны 20 мыңнан асқан. Осыған байланысты өңірде арнайы Жол картасы әзірленген. Нәтижесінде бүгінге дейін 3500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл ретте облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева:

– Бүгінде жұмыссыздарды оқытуға ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, биыл кәсіптік оқыту бағдарламаларымен 1200-ден астам адам қамтылды. Сонымен қатар онлайн Skills платформасы арқылы 700-ден астам азамат түрлі мамандықтар бойынша білім алды. Ал «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 470 адам оқып, сертификаттарын иеленді. Қазір олардың бір бөлігі өз кәсібін бастап, табыс тауып отыр. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты – адамдарды тек жұмыс іздеуші емес, жұмыс беруші деңгейіне жеткізу,-дейді ресми ақпаратқа сүйеніп.

Мемлекет биыл облыс көлемінде 41 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамту шараларына тартуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары және кәсіптік оқыту бағдарламалары қарастырылған.

Иә, қоғамның дамуы тек мемлекеттік бағдарламалармен ғана өлшенбейді. Оның нақты нәтижесі сол мүмкіндікті пайдаланып, тәуекелге барып, жаңа кәсіп ашқан азаматтардың еңбегімен көрінеді. Бүгінгі жас кәсіпкер ертең тағы бірнеше адамның жұмыс табуына ықпал етуі әбден мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау – жұмыссыздықты азайтудың ғана емес, өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттырудың да тиімді жолы. Ал жұмыссыздық мәселесі бір күнде шешілмейтіні анық. Алайда мемлекет ұсынып отырған қолдау құралдарын тиімді пайдалану, жаңа кәсіптерді дамыту және еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау арқылы бұл мәселенің түйінін тарқатуға болады. Бұл тұста әр ашылған кәсіпорын мен әр құрылған жұмыс орны халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадам екенін ұмытпаған жөн. 

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT