«Сарайшық Upgrade 2026» форумы аясында қатысушылар үшін арнайы шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, заманауи би өнерінің соңғы әлемдік бағыттары таныстырылды.
Шараға халықаралық сахна тәжірибесі бар хореограф-қоюшы Амангелді Ислам арнайы келіп, жас бишілерге өз білімі мен шеберлігін бөлісті.
Халықаралық жобаларда, соның ішінде Дубай қаласында өткен ауқымды спектакльдерде өнер көрсетіп, кәсіби артистермен жұмыс істеп жүрген сарапшы заманауи бидің даму қарқынына тоқталды:
«Заманауи биден сабақ беріп, артистермен жұмыс істеймін. Жинақтаған тәжірибімді жастармен бөлісіп жатқаныма өте қуаныштымын. Бүгінде бұл бағыт көбіне Алматы мен Астана қалаларында қарқынды дамыған. Сондықтан осындай ауқымды форумдардың өтуі — өңірдегі жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Бүгінде би әлемінде хореография бағыты қатты өзгеріп, дамып келеді. Бұрын хип-хоп, паппинг сияқты бағыттар танымал болса, қазір трендтер жаңарған. Бұл жолы мен қатысушыларға африкалық Амапиано ырғағына негізделген және Еуропада кең тараған Fusion хореография стилі бойынша сабақ беріп жатырмын», — дейді хореограф Амангелді Ислам.
Форум аясында өткен мұндай шеберлік сабақтары өңірдегі жас бишілердің кәсіби деңгейін арттырып, заманауи өнер кеңістігінде еркін бағдар табуына жол ашады.



