Мақат ауданының Доссор кентінде «Қара алтын» тарихи-танымдық орталығы жұмысын бастады.
Жаңа нысанның құрамында музей мен кітапхана орналасқан.
Музей алғаш ашылған кезде қорында 300-ге жуық жәдігер болса, бүгінде экспонаттар саны 5 мыңға жуықтаған. Мұнда Доссордың тарихы, этнографиясы мен табиғатына арналған экспозициялар қойылған.
Келушілер ортағасырлық «Таскешу керуен сарайынан» табылған археологиялық жәдігерлермен де таныса алады. Сонымен қатар музейдің бір бөлігі өңірдегі мұнай өндірісінің тарихына арналған. Экспозицияда мұнайшылар, соғыс және тыл ардагерлері, ұстаздар, ақын-жазушылар мен мәдениет саласының өкілдері туралы материалдар жинақталған.
Қазір музейде оқушыларға арналған «Жас өлкетанушылар» және «Жас экскурсоводтар» үйірмелері жұмыс істейді.
Ал орталықтағы кітапхананың қоры 50 мыңға жуық кітапты құрайды. Мұнда көркем, тарихи, балалар әдебиеті және фантастика жанрындағы шығармалар бар.
Кітапхананың ерекшелігі - зағип жандарға арналған Braille кабинеті. Арнайы кабинет демеушілердің қолдауымен ашылған. Бүгінде мұнда 20-дан астам зағип оқырман тұрақты қызмет алады.
Жаңа нысан ашылғалы бері мұнда жергілікті тұрғындармен қатар, Доссордың тарихына қызығушылық танытқан туристер де жиі келеді.
«Қара алтын» орталығы осылайша Доссордың тарихын танытып қана қоймай, тұрғындардың білім алып, кітап оқып, мәдени шараларға қатысуына мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістікке айналып отыр.



