Доссорда “Қара алтын” тарихи-танымдық орталығы жұмыс істейді

Биыл Мақат ауданы, Доссор кентінде “Қара алтын” тарихи-танымдық орталығы ашылды. Орталықта өңір тарихын дәріптейтін музей және оқырмандар үшін кітапхана орналасқан,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

300-ге жуық жәдігермен ашылған музейдің қазіргі қоры 5000-ға жетті. Музей тарихи-өлкетану, этнография және өлке табиғатына арналған экспозициялық залдардан тұрады.

- Тарихи-өлкетану залы аудан тарихы, ортағасырлық «Таскешу керуен сарайы» археологиялық ескерткішінен табылған жәдігерлер, ауданымыздың басты қазынасы мұнай өндірісінің тарихы, аудан экономикасын өркендетуге үлес қосқан мұнайшылар, соғыс және тыл ардагерлері, ұлағатты ұстаздар, жергілікті ақын-жазушылар, Мәдениет саласына еңбегі сіңген тұлғалаларға арналған экспозициялық көрмелерден тұрады,- деді музей басшысы Құралай Айдаралиева.

 

Қазір музейде «Жас өлкетанушылар»үйірмесі және «Жас экскурсоводтар» тегін үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмеге аудан мектептерінен оқушылар қатысады. Сондай-ақ музейде 9 қызметкер қызмет атқарады. Оның ішінде үшеуі шығармашылық қызметкерлер.

 

Ал орталықтағы кітапхананың кітап қоры 50 мыңға жуық. Мұнда көркем әдебиет, тарихи және балаларға арналған кітаптар, сондай-ақ фантастика жанрындағы шығармалар оқырман сұранысына ие.

 

- Кітапхананың тағы бір ерекшелігі - зағип жандарға арналған Braille кабинеті. Демеушілердің көмегімен ашылған арнайы кабинетте көру қабілеті төмен азаматтарға кітап оқуға мүмкіндік жасалған. Қазір мұнда 20-дан астам зағип оқырман тұрақты қызмет алады,- деді кітапханашы Жанар Сарбасова.

 

«Қара алтын» тарихи-танымдық орталығы осылайша Доссордың тарихын насихаттап қана қоймай, тұрғындардың білім алып, кітап оқып, мәдени ортада бас қосуына мүмкіндік беретін орталыққа айналып келеді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT