Әділетті қоғамның негізі – шыншыл сөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары айтқан ойлары мен тұжырымдарын бір арнаға тоғыстырған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағының таныстырылымы өтті.

Бұл кітапты кезекті бір басылымның тұсаукесері деп қабылдау аздық етеді. Өйткені жинақта ел дамуының әр кезеңінде айтылған ойлар топтастырылып қана қоймай, мемлекет пен қоғамның бүгінгі беталысын айқындайтын негізгі құндылықтардың қалыптасу жолы көрсетілген.

Жинаққа тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бергі баяндамалар, мақалалар, сұхбаттар мен кітаптарда айтылған ойлар енгізілген. Сондықтан оқырман одан Президенттің әр кезеңдегі ұстанымдарын салыстырып, уақыт өте келе қандай мәселелердің алдыңғы орынға шыққанын аңғара алады.

Бүгінгі таныстырылым барысында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов кітаптың осы ерекшелігіне тоқталды.

– Бұл кітаптың ерекшелігі – Президенттің жекелеген сөздерін хронологиялық ретпен тізіп шығуда емес. Жинақ әр жылдары айтылған ойлардың өзара сабақтастығын көрсетіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет, қоғам, азамат, заң, білім, мәдениет және болашақ туралы көзқарастарының тұтас жүйесін аңғаруға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, кітаптың өзегінде бір-бірімен сабақтас бірнеше іргелі ұстаным бар. Оның ішінде мемлекеттілікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам қалыптастыру, білім мен ғылымды дамыту, ұлттық сананы жаңғырту, мәдениет пен тілдің мәртебесін арттыру, технологиялық тұрғыдан бәсекеге қабілетті мемлекет құру мәселелері қамтылған.

Ал осы бағыттардың барлығының түпкі мақсаты – жауапты азамат пен қуатты мемлекет қалыптастыру.

Қоғамдағы өзгерісті тек заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жасау мүмкін емес. Әділеттілік ұғымының өміршең болуы азаматтың күнделікті әрекетінен, заңды сақтауынан, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауынан басталады. Осы тұрғыдан алғанда, жинақтағы «шыншыл сөз» ұғымының да салмағы бар.

Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім ашық әңгімеден қалыптасады. Қоғамдағы мәселені жасырып қалмай, оны ашық айту, кемшілікті мойындау және шешу жолын бірге іздеу – елдің алға жылжуының маңызды шарттарының бірі. Шындық айтылмайтын жерде мәселе де жоғалмайды, керісінше қордалана береді.

Сондықтан кітап атауының өзі бүгінгі қоғамдық сұраныспен үндеседі, – деді ол.

Әділетті қоғам құру үшін шыншыл сөз де, шынайы әрекет те қатар жүруі керек.

Жиында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер және қоғам белсендісі Нұрлан Қайрденов, «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы, «Жеті Жарғы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылай Құрметұлы да өз пікірлерін білдірді.

Талқылауда жастар мәселесіне де ерекше мән берілді. Өйткені кез келген мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы оның жас буынының біліміне, еңбекке көзқарасына, азаматтық ұстанымына байланысты. Қазіргі жас үшін мемлекетшілдік ұғымы құр ұран емес, елдің болашағына жауапкершілікпен қарау, білім алу, еңбек ету, заңды құрметтеу және қоғамның дамуына өз үлесін қосу арқылы көрінуі тиіс.

Осы ретте «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы жастар үшін де ой салатын еңбек бола алады. Себебі кітаптағы мәселелердің басым бөлігі олардың бүгінгі өмірімен және ертеңгі болашағымен тікелей байланысты.

Жиын барысында кітапты жоғары оқу орындарында, кітапханаларда, жастар арасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқылау қажеттігі де айтылды. Мұндай кездесулердің мәні де осында. Қоғамдық құндылықтар бір күнде қалыптаспайды. Ол пікір алмасу, ізденіс және азаматтардың ортақ жауапкершілігі арқылы орнығады.

Іс-шара соңында облыстағы жастар ресурстық орталықтарының басшыларына «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинақтары табысталды.

 

Рита Өтеуғали

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT