Халықпен кері байланысты нығайту және тұрғындардың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ түру мақсатында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында аудан басшысына 3 тұрғын өздерін толғандырған өзекті де өткір мәселелерін жеткізді. Олардың қатарында баспана, қамқоршылық орнату, әлеуметтік көмек алу және жұмыссыздық сынды маңызды тақырыптар көтерілді. Тұрғындар әлеуметтік жағдайларын жақсарту бойынша өз өтініштері мен нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан әкімі әрбір азаматтың уәжін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерге қатысты қолданыстағы заңнама аясында егжей-тегжейлі түсініктеме берді. Атап айтқанда, тұрғын үй мәселесімен жүгінген азаматқа мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері, соның ішінде жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын өтеу мүмкіндігі бар екендігі және оны рәсімдеу жолдары түсіндірілді. - Бүгін «Әділет» партиясында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткіздім. Әрбір тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында толық жауап бердім. Көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады,-деп атап өтті аудан әкімі Жұмабек Қаражанов. Сонымен қатар жиынға қатысқан жауапты бөлім басшыларына қабылдауда көтерілген әрбір мәселені жіті зерделеу, тиісті заңды жұмыстарды жедел жүргізу және олардың орындалу барысын қатаң бақылауға алу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Ж.Әбдікәрімова



