Демалыс орны ашылды

Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың қатысуымен Құлсары қаласында қаланың келбетін айшықтайтын жаңа арбат демалыс орны ашылды. Жаздың ыстық күндері халық көлеңкесін саялап, маңайында бүлдіршіндер шалықтап, балалар асыр сала ойнайтын көрікті нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі, мемлекеттік қызметшілер, ақсақалдар және тұрғындар қатысты.

Құлсарыда жаңадан бой көтеріп келе жатқан көрнекті нысандар көп. Соның ішінде халыққа көтеріңкі көңіл-күймен жайлылық сыйлайтын бұл демалыс орнының маңыздылығы ерекше. Нысанның жалпы аумағы 4000 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында аумаққа толықтай төсемтас төселіп, заманауи жарық шамдар мен ыңғайлы орындықтар және сәулеттік пішіндер, қоқыс жәшіктері мен 30-дан аса шырша ағашы орнатылған. Арбат аумағына көгалдандыру жұмыстары жүрзіліп, автоматты суару жүйесі іске қосылған. Ал бұл жердегі ең басты ерекшелік – түрлі түсті бейнеге енетін музыкалық субұрқақ.

 - Ауданда алғаш рет бой көтерген арбаттың ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Жаңа арбат – тұрғындардың жайлы демалып, серуендеп, бос уақытын тиімді өткізетін заманауи қоғамдық кеңістік. Түрлі түсті музыкалық субұрқақпен безендірілген бұл орын ауданымыздың көркін арттырып, халықтың сүйікті демалыс мекеніне айналады деп сенемін. Береке-бірлігіміз артып, ауданымыздың өркендеуі жолындағы игі бастамалар жалғасын таба берсін,-деді аудан басшысы Жұмабек Байрақбайұлы салтанатты ашылу кезіндегі құттықтау сөзінде.

Ашылу рәсімі кезінде арбат маңайында атмосфера мүлде ерекше болды. Тамылжыған жаздың кешінде тұрғындардың да мерейі артып, туған қалаларының жарқырап, жайнап тұрғанына ризашылық білдірді. Жаңа нысанның ерекшелігіне тоқталып, таңданыстарын жасыра алмады. Енді халық игілігіне берілген бұл әдемі нысанның тазалығы мен ұқыптылығы да халықтың өз қолында...

 Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT