Демалыс алаңы қашан салынады?

Қала әкімі Қадыржан Адинов алдын ала тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдауға келген 6 тұрғын қаланың тазалығы, қосымша жер учаскелерін заңдастыру және материалдық көмек көрсету мәселелерін көтерді. Шаһар басшысы әрбір тұрғынның мәселесіне құлақ түріп, нақты жауаптар беруге тырысты. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі – Қанат Кабаков. Ол он жылдан астам уақыт бойы халық игілігіне арналған шағын алаң салу мәселесін айтып, әкімдердің қабылдауында болған. Бүгінгі қала әкімімен өткен кездесуде де осы ұсынысын тағы бір мәрте жеткізді.

 -Әкім қабылдауда жылы қарсы алып, менің ұсынысымды тыңдады. Жалпы, Демеу Таубаев көшесіне алаң салып беру мәселесін бұрынғы әкім Шәкірден бері айтып келе жатырмын. Одан кейін бір жылдары аудан әкімі Азамат Бекет мәдениет үйінде тұрғындарды қабылдаған еді. Сол кездегі қала әкімі Ернар мен орынбасарының қабылдауында болдым. Содан бері 10 жылдай уақыт өтті. Бұрын бұл көшенің атауы Қараманов болды. Әуелде бұл жерге шағын футбол алаңы салынады делінген. Алайда су тасқынынан кейін қалып қойды,-дейді Қанат Кабаков.

Тұрғынның сөзін мұқият тыңдаған қала әкімі бұл мәселенің назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, аталған көшеге демалыс алаңын салу жоспары алдағы кезеңдерге енгізілген. Жобаның сызбасы тұрғынға таныстырылды. Жоспарға сәйкес, нысан келесі жылы жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Шаһар басшысы Қадыржан Адинов қабылдау барысында жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын қатаң ескертті.

Сондай-ақ берілген міндеттер бойынша белгіленген мерзімде толық әрі нақты мәлімет ұсыну қажеттігін атап өтті. Бұл қадам тұрғындар көтерген мәселелерді дер кезінде әрі жүйелі шешуге бағытталған. Жалпы, қабылдау кезінде айтылған ұсыныстар мен көтерілген түйткілдер қала әкімінің халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың пікіріне мән беретінін аңғартады. Мұндай ашық диалог – Құлсары қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды фактор. Тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру, инфрақұрылымды жақсарту, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау – әкімдік жұмысының басты басымдықтарының бірі болып қала бермек. 

А.МАХАМБЕТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT