Атырау облысында балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған өнер мектептерінің желісі кеңейіп келеді.
Солардың бірі – Дамбы өнер мектебі. Бүгінде мектептің өзінде 180 оқушы білім алса, оған қарасты 18 бөлімшеде 2 мыңға жуық бала өнердің түрлі бағытын меңгеріп жүр, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мектеп бөлімшелері Қайыршақты, Еркінқала және Атырау ауылдық округтерінде орналасқан. Мұнда балалар домбыра, қобыз, фортепиано, баян, скрипка, жетіген секілді музыкалық аспаптарды үйренеді. Сонымен қатар вокал, хореография, бейнелеу өнері және актерлік шеберлік бағыттары бойынша дәріс алады.
40 жылға жуық тарихы бар білім ордасында осы уақыт ішінде көптеген талант тәрбиеленген.
– Бүгінде шәкірттеріміз түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, шеберліктерін шыңдап келеді. Олардың әр жетістігі – мектеп ұжымы үшін үлкен мақтаныш. Бұл ұстаздардың еңбегі мен балалардың талпынысының нәтижесі, – деді Дамбы өнер мектебінің директоры Ғалымжан Сұлтанов.
Айта кетейік, Қайыршақты және Еркінқала ауылдық округтерінде өнер мектептерінің ғимараттары жаңартылып, заманауи талаптарға сай нысандар бой көтерді.



