Ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте Бақашы және Қарағай елді мекендерінде гидрошлюз құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Сарқырауық маңындағы су ағынын реттеу каналының құрылысы сәуір айының басында тәмамдалады деп жоспарланып отыр.
Жем өзені бойына салынған негізгі гидротехникалық нысанның биіктігі 3,5 метрді, ал ұзындығы 125 метрді құрайды. Бұл гидрошлюз арқылы Құрсай өзегіне жіберілетін су көлемін реттеуге мүмкіндік туды. Қазіргі таңда нысан маңында қоршау және қауіпсіздік шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға 15 адам мен 5 арнайы техника жұмылдырылған. Мердігер мекеме өкілінің мәліметінше, гидрошлюз арқылы секундына 5-6 текше метр су жіберіледі. Ал су қоймасында 2500-3000 текше метрге дейін су жинақталады. Көктем мезгілінде жиналған су Құлсары қаласын сумен қамтамасыз етуге бағытталса, жаз айларында өзен арнасына кезең-кезеңімен жіберілетін болады. Бұл өңірдегі су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін маңызды тетік болғалы тұр.
Ауданда тасқын қаупі негізінен ұзындығы 212 шақырымды құрайтын Жем өзені арқылы туындайды. Қауіпті аймақтардың қатарына Құлсары қаласымен қатар, Жем және Қара-Арна ауылдық округтері кіреді. Осыған байланысты өңірде өзен арнасын тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Бақашыдағы гидрошлюз арқылы Құрсай өзегіне су жіберілді. Жергілікті әкімдік мәліметіне сәйкес, бұл су Құлсары қаласы аумағындағы Қамыскөл көлін толтыруға бағытталған. Аталған жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, су тапшылығының алдын алуға да оң әсерін тигізері анық.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



