Бюджет нақтыланып, басым бағыттар айқындалды

Жуырда аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың қатысуымен, сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаевтың төрағалығымен аудандық мәслихатының кезектен тыс 48-сессия отырысы өтті. Мұнда әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған маңызды мәселелер талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Сессияның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – «2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №40-1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы болса, екіншісі – ауданның әкімшілік-аумақтық бөлінісін басқару схемасын бекіту мәселесіне арналды. Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті бөлім басшылары баяндама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру, елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды ортаға салды. Жиында депутаттар да өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жоспарланған жұмыстардың тиімді жүзеге асырылуына назар аударды. Сессия барысында аудан бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты шешім жобасы ұсынылды.

Бюджетті нақтылау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылмақ. Нақтыланған қаржы ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, жол-көлік қатынасын жақсартуға, елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешуге, кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге, сондай-ақ мәдениет пен спорт салаларын дамытуға бағытталмақ. Бюджетті нақтылау шеңберінде жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдарына қатысты бірқатар маңызды жұмыстар қарастырылған. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда маңызы зор «Сергек» бейнебақылау камераларын күтіп ұстау, жолаушылар тасымалын субсидиялау, Ұ.Әбдірахманов көшесіндегі көпірді күрделі жөндеуді аяқтау мәселелері қамтылған. Сонымен қатар қаламыздағы Махамбет даңғылы бойында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілмек. Бұдан бөлек құрылыс және қала инфрақұрылмы саласында да ауқымды жұмыстар жүзеге аспақ. Атап айтсақ, қазына қаржысы қаламыздағы электрмен жабдықтау нысандарын салуға қатысты жобалар бойынша қажетті сараптама жұмыстарын жүргізуге көзделсе, Мешіт шағын ауданындағы 300 орындық ер балаларға арналған лицейге инженерлік желілер тарту мәселесі де қалыс қалмады. Бұдан бөлек, «Болашақ-1» ықшам ауданындағы жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерге электр желілерін тарту, сондай-ақ өндірістік аймаққа электр желісін жүргізуге қатысты жобалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары да жоспарланған.

 Экологиялық бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Аудан орталығына қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені бар полигон салуға қажетті жобалық құжаттарды әзірлеу көзделіп отыр. Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға қатысты да нақты жобалар қарастырылған. Мәселен, Тұрғызба ауылында ауылдық округ әкімдігінің ғимаратын салу, Ақкиізтоғай ауылында әкімдік ғимаратының құрылысын жүргізу, Шоқпартоғай ауылында Қара-Арна ауылдық округі әкімдігінің ғимаратын салу жұмыстарына қатысты жобалар жалғасын таппақ. Бұл ретте мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту ауыл тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды фактор екені сөзсіз.

 Аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі – кәсіпкерлік саласы екені баршамызға аян. Осыған байланысты жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қажетті құрал-жабдықтар сатып алу көзделген. Сауда орындарын ұйымдастыруға қажетті үстелдер, шатырлар, қоқыс жәшіктері және санитарлық жағдайды қамтамасыз ететін жабдықтар алынады.

Сонымен қатар Мәдениет пен спорт салаларына да тиісті қолдау көрсетілмек. Қазіргі таңда фольклорлық ұлт-аспаптар ансамбліне сахналық киімдер тігу жұмыстары жоспарланып отыр. Ал жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігін өткізуге байланысты Орталық стадионға қажетті волейбол құрал-жабдықтарын алу көзделген.

 Жиын барысында халық қалаулылары ұсынылған жобаларды талқылап, олардың тиімді жүзеге асуына қатысты пікірлерін білдірді. Қабылданатын шешімдердің басты мақсаты – ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру екені белгілі. Сондықтан алдағы уақытта нақтыланған бюджет аясында жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы маңызды. Өйткені бюджетке енгізілген әрбір өзгерістің түпкі нәтижесі – елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс.

 Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT